Қаздар қайтқанда
Жапырақ боп сары күз түсті, міне,
Қайтты қаздар өзінің түстігіне.
Қазағың мен қаздардың түбірі бір
Түсінеді көшпелі ел құс тіліне.
Артқа салып неше күн,
Неше түнді,
Сағыныштың шамы да өшетін-ді.
Көктем келіп,
Бұл қазақ
Жайлауына
Қоңыр қаздай тізіліп көшетін-ді.
Көшетін-ді жүктерін артып нарға.
Қырат толып мақпал мен барқыттарға.
Көшетін-ді Алшын да,
Үйсінің де,
Найманың да,
Атығай-қарпықтар да.
Қиял емес,
Емес бұл жорамал да.
Ие болып маң төбет қора малға...
Қызғалдақтай көктемгі
Дала толып
Кететін-ді қып-қызыл орамалға.
Еркіндік бар,
Кеңдік бар
Дала барда.
Көш бастатып дана мен қара нарға,
Қуаныштай көктемгі
Дала толып
Кететін-ді... тай мінген балаларға.
Алтын әжем,
Ақсақал алтын атам,
Қаламын мен сол кездің салтына таң.
Көшіп бара жатқан ел
Күн батарда
Үй тікпестен
Тігетін алтыбақан.
Жастар өстіп көктемін тойлайтын-ды.
Жатқызбайтын қыз-қырқын ондай түнгі,
Алтыбақан түбінде бір жартысы,
Бір жартысы ақсүйек ойнайтын-ды.
Отырып тас, сексеуіл түбіріне,
Толатын түз ғашықтар күбіріне.
Көрші көштер арасы ат шаптырым,
Әнмен сәлем жолдайтын бір-біріне.
Ерте түсер, әдетте, қыс тауыңа.
Қиын онда қыста мал ұстауыңа.
Амалсыздан
Қазақтар
Қоңыр күзде —
Осы кезде қайтатын қыстауына.
Жапырақ боп сары күз түсті, міне.
Толды тағы боз аспан құс тіліне.
Көшіп-қонған қазақтай бір кездегі
Қаздар қайтып барады түстігіне.
Қымбатырақ біз үшін қай қазына?!
Өкпесі ме,
Әлдебір жай базына.
Қарайды қарт ұлына,
Ұл қарайды
Ауласында жайылған үй қазына...