Ауыл және жұмақ
Тақпаймын астананың бағына мін,
Тұрмыстың ағымына бағынамын.
Әйтсе де
Көкті сүзген мүйіз үйді
Көргенде
Киіз үйді сағынамын.
Асыққан уақыт бізбен кеңеспейді,
Сағыну — менің шаруам емес дейді.
Көргенде ала шабыр отар бұлтты
Көзіме ақтылы қой елестейді.
Бүгінде темір тұлпар,
Темір есек.
Бетеге,
Көде орнына көмір есеп.
Ойыма оралады бұзауқандар,
Бейуақыт паровоздар «мөңіресе».
Тыңдауға қарсы емеспін ақылыңды
Әйтеуір, кіналама ақыныңды.
Әдет те қалмайды екен —
Машинаға
Мінгенде қысып алам тақымымды.
Әуелден жырға ғашық,
Күйге ғашық,
Кәнеки,
Шарабыңды құй, нағашы!
Салады кемпірқосақ есіме ылғи
Қыздардың қызыл гүлді иінағашын.
Перзентің көптен бері қыр кезбеді,
Барады қарауытып нұр көздегі.
Көргенде мото мінген балаларды,
Еске алам тай жарысын бір кездегі.
Үйренгем ерттеп мініп мен дауылды.
Қызықпен мүмкін емес алдау ұлды
Жұмақты көрген жоқпын,
Көрер болсам,
Есіме салар еді ол да ауылды!