30.05.2021
  203


Автор: Қадыр Мырза Әли

Неге керек жалған сөз

Неге керек жалған сөз,
Өтірік сын!
Қиындықты жолдағы опырыпсың.
Абыройлы,
Құрметті
Қолайлы да
Креслоға сен бүгін отырыпсың.
Болмағанмен дәл қазір өзіңде мін,
Болушы едің, ойлашы, кезінде кім?!
Көңіліңе келмесін енді сенің
Әзіл-шыны аралас сөзім менің.
Қадірлі ғой жігіттер жақсы атпенен,
Жақсылықты жырлап мен қақсап келем.
Ғылым қумай, бауырым, басқа қудың,
Не істесең де істеуші ең мақсатпенен.
Емес едің сен біздей дала кезбе,
Болмаушы едің ешкіммен ала көз де.
Шкафтағы тәттіні алу үшін
Орындыққа шығушы ең бала кезде.
Бақыт шіркін келмейді тегін ерге.
Жүлде керек жүйрікке емінерге.
Тағы неге қол создың?—
Креслоның
Орындықпен емес пе тегі бірге?!





Пікір жазу