30.05.2021
  135


Автор: Қадыр Мырза Әли

Тегіс жерде жығылып

Тегіс жерде жығылып,
Алып-ұшып жүремін.
Ауызыма тығылып,
Алқынады жүрегім.
Шын Әділет хақында
Сөйлеу керек қорғанбай.
Өмір үшін лапылдап
Өртенемін ормандай.
Ақ кірмеген шашына
Мұны қайдан ұғады!
Ә дегенше Басыма
Қаным ойнап шығады.
Тасып көңіл өзені,
Ұмытса қарт құдайды,
Қалайша адам төзеді,
Қалайша адам шыдайды?!
Жыр елінің баласы
Жану керек әманда.
Қалай салқын боласың
Жанып тұрған заманда?!





Пікір жазу