30.05.2021
  143


Автор: Қадыр Мырза Әли

Сезімнің жапырақтай семді гүлі

Сезімнің жапырақтай семді гүлі.
Қай жерге қоямын деп енді мұны,
Көп сырға,
Көп жырларға куә болған
Көп қағаз өртедім мен сенбі күні.
Адамдай
Қағаздың да тәтті жаны.
Лaп етіп талай парақ атты жалын.
Мен өзім қалай жансам жазған кезде
Олар да тап осылай жатты жанып.
Ақындар ерке халық,
Серке халық.
Асаудай әлденеден үрке қалып,
Шошиды,
Мен өзім де шошып кеттім,
Өртеуін архивімді өртеп алып.
Бұл таныс көп өртеніп,
Көп күйгенге.
Бұл керек өлең жазып,
Ой түйгенге.
Ішіне оқ тигендей
Бүктетіліп
Қағаз да құлайды екен от тигенде!





Пікір жазу