30.05.2021
  194


Автор: Қадыр Мырза Әли

Не боларын кім біледі түбінде

Не боларын кім біледі түбінде,
Әлдеқайда жеңілдеді жүгің де!
Қол еңбегін жұмысшы мен шаруаның
Техника тартып алды бүгінде.
Сенесің бе,
Сенбейсің бе, бауырым,
Ұмыттық қой біз тірліктің ауырын.
Атамыздың һамбал кезін еске алып,
Ауыр жүксіз құрыстайды жауырын.
Бірақ менің табиғатым елгезек.
Үйде қалай отырамын тіл безеп!
Шалғыменен сырылдатып
Кешқұрым
Шөп шабуды қалаймын мен бір кезек.
Машинаның көп болғанмен көмегі,
Бұлшық етті ширатпайды —
Сөгеді.
Батпандайын балғаменен
Бір мезет
Темір таптап,
Көрік басқым келеді.
Көңіл көзі әлдеқайда қырағы:
Өткен күнге мойнын жиі бұрады.
Бақша көрсем,
Арық көрсем,
Әлі де
Кетпен-күрек ұстағым кеп тұрады.
Бұл жырыма қағар болсаң қақ сына.
Сөзбен емес,
Еңбекпенен бақ сына.
Миға жұмыс табылғанда,
Бауырым,
Қолға жұмыс табылмаған жақсы ма?!





Пікір жазу