30.05.2021
137
Қайран менің қызғалдақты көктемім
Қайран менің қызғалдақты көктемім!
Қалай сені беріп қойғам теп-тегін?!
А-ха-хамен,
О-хо-хомен жүргенде
Білмей қаппын мезгілімнің өткенін.
Төңірекке болған еді аты аңыз:
Сол аңызды әлі тыңдап жатамыз,
Иіліпті садағындай батырдың
Бір кездегі жебедей тік атамыз..
Көбейгенмен елдің етер тәжімі,
Сиреп біткен абысыны, ажыны,
Қандыағаштың теміржолы сияқты
Енді қазір әжеміздің әжімі.
Ойдың өзі суала ма желінше,
Басып қапты естеліктің көбін шөп.
Бір кездегі сыбызғыдай сұңғақ қыз
Енді көрсең —
Контрабас келіншек.
Біз сияқты қайғырмай да налымай
Бара жатыр көк аспанда балық-ай,
Басқа басқа...
Альбомдағы
Қалдым мен
Бір кездегі өзімді өзім танымай!