Керек еді алты бала — алты асық
Керек еді алты бала — алты асық
Қай кезде де толып жүрер қалтасы.
Сенің күнің өтті ұяны күзетіп,
Менің күнім өтті соған жем тасып.
Бұл тірліктің мән-мәнісі бізге анық.
Бірақ мына әңгімені бұзбалық.
Менің күнім өтті өзіңе қызығып,
Сенің күнің өтті мені қызғанып.
Қай кезде де үлкен мақсат үшін деп,
Түсті сынға дарыным да,
Күшім де.
Сенің күнің өтті ошақтың басында,
Менің күнім өтті оттың ішінде!
Жастық — жастық құлпырумен,
Жайнаумен.
Бұлбұл — бұлбұл құйқылжыта сайраумен.
Өтті күнім қылышымды тасқа ұрып,
Өтті күнің сол қылышты қайраумен.
Нағыз асыл тереңде ғой,
Тереңде!
Сен сенбесең,
Мен сертімді: берем бе?!
Мен келемін жеткізем деп жұмаққа,
Сен келесің әлі соны көрем деп!..
Күмістей сыңғырлаған
Қуаныш арадағы
Бұлақтай былдырлаған
Бұрылмай барады ағып,
Сағыныш зар қылады
Сағыммен араласып.
Арманның арғымағы
Арындап барады асып.
Қазандай қара басы
Құрдастар тарады ішіп.
Шабыттың шағаласы
Шығандап барады ұшып.
Аққудай хауыздағы
Жастығың дара көрік
Әдемі ауыздағы
Шырындай барады еріп...