30.05.2021
  228


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қызғалдаққа толған кезде көркем қыр

Қызғалдаққа толған кезде көркем қыр
Гүл патшасы сен боласың ертең бір.
Биігі ме,
Күйігі ме біреудің
Кеудеңдегі анау екі өртенгір?!
Жырдың сазы,
Қыздың назы өтімді.
Сөз бенен көз құртатын да тотыңды.
Өртенерсің,
Өзгені де өртерсің,
Сәл-сәл басшы айналайын, отыңды!
Қара шашты қақ айырып тарадың.
Тарадың да,
Сүзіліп бір қарадың,
Бұл не сиқыр!
Пердесіндей көзіңнің
Кірпігіңді түсірші тез, қарағым!
Болған кезде өліп-өшіп біз ғашық,
Құтыла ма,
Құтылмай ма қыз қашып?!
Айналайын, көңілдерді бұзбашы!
Айналайын, көңіліңді бұзбашы!
Сен бар жерде күн күлімдеп,
Ай күліп,
Басқа тірлік қалады екен қаймығып.
Бүкіл елдің қазынасы — сұлулық,
Ал сұлу қыз — бір-ақ жанның байлығы!
Ал сұлу қыз — бір-ақ жанның байлығы,
Қолдан жасап қайтесің, дос, қайғыны!
Арнаңа түс, дариясы сезімнің!
Сабаңа түс, ақылдың ақ айдыны!





Пікір жазу