30.05.2021
  133


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жүрегімнің қайда түйін-байлауы

Жүрегімнің қайда түйін-байлауы?!
Махаббаттың болмас күнде сайлауы.
Кәріліктің қыстауы бар,
Жастықтың
Болуы да керек жасыл жайлауы.
Тұрған кезде ақ сәлделі
Алатау,
Олай демей,
Бұлай деуім ағат-ау!
Сол бір жасыл жайлауында жастықтың
Болу керек ақ жұмыртқа ақ отау.
Жігіттігің — керемет бір дара кез.
Дара кезден түк шығармай барады ез.
Болу керек жасыл жайлау,
Ақ отау.
Ақ отауда болу керек қара көз.
Мен өмірдің іздемеймін жақұтын.
Жақұтыңнан қымбатырақ уақытым.
Ақ отауда болу керек қара көз
Қара көзде болу керек бақытың!





Пікір жазу