30.05.2021
168
Ел үшін шыбын жанын қиған аға
Ел үшін шыбын жанын қиған аға,
Біздерден күй қала ма,
Сый қала ма?!
Тұрамыз кең сарайда,
Ақ отауда,
Бірақ та бақыт деген үй ғана ма?!
Бұл күнде гүл жайнаған бақша мекен.
Жыр қуып мен өмірден шапшаң өтем.
Аламыз уыс-уыс еңбекақы,
Бірақ та бақыт деген ақша ма екен?!
Қажиды өмір жайлы ойдан ана.
Сөйлеуді тірлік жайлы қой данаға.
Тойлаймыз ертелі-кеш дүрілдетіп,
Бірақ та бақыт деген той ғана ма?!
Жақсылық!
Бұл өмірде жыр жоқ ондай!
Соны бір шашар ма еді мырза қолдай!
Әйтеуір өзгеге де,
Өзіме де
Қойды ғой мына көңіл ырза болмай!