30.05.2021
  129


Автор: Қадыр Мырза Әли

Ұшыраған адамдай нақ бір сынға

Ұшыраған адамдай нақ бір сынға
Жалтақтаймын,
Жұрт оны жақтырсын ба?!
Әрбір сөзді орнына ұялап жатпай,
Табиғаттың өзіндей лақтырсам ба?!
Шоршиын ба шортандай қармақ үзіп,
Еркеліктен асқан бір бар ма қызық?!
Құлайын ба асқардың ақ қары боп,
Ағайын ба өзендей арна бұзып?!
Неге менің, апыр-ай, жоқ міндерім?!
Керек кейде өлеңге екпін керім.
Везувий боп атылып,
Бір күнімнің
Қалсын ба екен астында көп күндерім!
Алау сөзден таңдай мен тіл өртеніп,
Ару-даңқ құшаққа кірер келіп.
Көтеретін жер ғана,
Халық қана,
Жасасам ба еліме бір еркелік?!
Қайтсем екен?!
Күлсем бе?
Түнерсем бе?
Қалмаған ба,
Қадыр-ау, жігер сенде?
Махаббаттан өртеніп,
Күлге айналып,
Шашып-шашып өзімді жіберсем бе?!
Мен емеспін ойлайтын пайданы арам.
Пайда қусаң,
Болады ой да қараң.
Шідерімді үзсем бе?
Үзер едім,
Шылбырымды сүйретіп қайда барам?!





Пікір жазу