30.05.2021
  164


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жасым болса келіп қалды кемелге

Жасым болса келіп қалды кемелге.
Дәулеттіге есептейді мені елде.
Бір кебеже, бір сандығы бар үйің
Бұл күндері толып кетті мебельге.
Мебель үсті мыстан құйған бас кілең.
Қарамаймын көзімнің мен астымен.
Тозаң жинар текеметтің орнына
Жайып қойдық өрнектеулі тас кілем.
Біздерді енді көр көктемде,
Көр күзде:
Қонақ үшін дайын тұрар төр бізде.
Құрау-құрау шыны аяқтың орыны
Толып кеткен хрусталь мен сервизге.
Мейлің мақта,
Мейлің тіпті мақтама.
Біздің бейне тұр құрметті тақтада.
Бір мұздатқыш күнделікті азыққа,
Бір мұздатқыш соғым үшін тек қана.
Ұнатпаймын әңгіменің жалғанын.
Өз көзіңмен көрші келіп қалғанын.
Мұның бәрі заманымда көргенім,
Мұның бәрі заманымнан алғаным.
Маған қымбат жердің кеңі,
Байтағы.
Бүкіл қазақ жерін мақтап айтады.
Байлығымның ең үлкені осы жер.
Бәрі жерден,
Бәрі жерге қайтады...





Пікір жазу