30.05.2021
  216


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жапырағын жайып ауыл терегі

Жапырағын жайып ауыл терегі,
Жас-кәріге көлеңкесін береді.
Не болса да шындықты айтып
Достардан
Өкпе естимін,
Сол ма маған керегі?
Бәрі жақсы,
Бала-шаға дін аман.
Тірлікке бұл тіл тигізбен,
Сынаман.
Бірақ өзім өлең жазып,
Сол үшін
Сөз естимін,
Сол ма менің сыбағым?!
Тұнық көлдей көрінеді түптегім
Таусылған жоқ өнердегі құт-кенім.
Бір сорлыға көмектестім,
Өзіме ол
Қарсы шықты,
Сол ма менің күткенім?!
Үмітпенен атып ылғи ақ таңым,
Адамдарды мадақтадым, мақтадым.
Сүрінгенді сүйеп едім,
Ол мені
Шалып жықты,
Сол ма менің тапқаным?!
Айтар болсам ашуланбай,
Тасымай,
Қате өзімде,
Қате менде, досым-ай!
Білмедім ғой кім екенін олардың.
...Білгенде де істер едім осылай!





Пікір жазу