29.05.2021
  335


Автор: Қадыр Мырза Әли

Достастырып орыс

Достастырып орыс,
Үнді,
Негрді,
Бейбіт. әуен әлдилейді өңірді.
Кім сүймейді?
Жұрттың бәрі сүйеді:
Сен сүйесің,
Мен де сүйем өмірді!
Сүйем мен де жастық шақтың арайын.
Сүйем мен де сұлу неке сарайын...
Анамыздай
Айналайын өмірдің
Сүйемін мен әр аптасын,
Әр айын!
Сүйем мен де тыныш тірлік аспанын.
Сүйем елдің құмын,
Сазын,
Тастағын!
Әкеміздей
Әзиз мына өмірдің
Сүйемін мен әрбір сәтін қас қағым!
Бүкіл тірлік — масағында бидайдың.
Бидай үшін жанымды мен қинаймын.
Бірақ осы
Жарымыздай өмірдің
Азабының өзін тіпті қимаймын!
Ел алдында болған ылғи жақсы атты
Өз қамы үшін қашан жұртты қақсатты?!
Мақсат үшін қия аламын өмірді,
Тірлік үшін қия алмаймын мақсатты!





Пікір жазу