29.05.2021
195
Қарбалас
Өмір атты кірген соң мына баққа,
Қақым да жоқ уақытты сынамаққа.
Бір шаруаны бірақ та шаруа бұзып,
Бір жұмысқа бір жұмыс сына қаққан.
Табы қалмай өлеңде бас бармақтың,
Қалайша мен ертеңге бос бармақпын?
Телефонға шақырып ит қылады
Арасында егіз жол — қос тармақтың.
Қайран уақыт, зымырап барасың ба?
Қиын болды үйлесім,
Жарасымға.
Ең кемінде жүреді бір жиналыс
Бір парақ пен бір парақ арасында.
Жас дарынға мойынын бұрған аға
Жолымызда өлмейтін жыр қала ма?
Бір шумақ пен бір шумақ арасында
Барып қайтып жүреміз бір қалаға.
Туыстармыз ойы ұқсас,
Тілдері егіз.
Зырлап жүріп асығыс күн көреміз.
Шүкір! Шүкір!
Іс пен іс арасында
Сәби сүйіп,
Жар сүйіп үлгереміз!