29.05.2021
  174


Автор: Қадыр Мырза Әли

Ой мен тыныштық

Желпілдемей, желікпей
Жағдайымды сезе ғой.
Оқтан қашқан еліктей
Айқай-шудан безеді ой.
Келеді ылғи именіп
Көршілерім, туысым.
Басып қоям үйдегі
Телефонның дыбысын.
Бұлдаудайын бұлдаймын
Қазақ күйін, батырым.
Бірақ оны тыңдаймын
Қойып қойып ақырын.
Дүрілдеген қыратта
Тракторға өш емен.
Қыдырамын бірақ та
Машинасыз көшемен.
Жаңғырығып байтағы,
Жаһан үркіп кетердей,
Айтарымды айтамын
Дауысымды көтермей.
Сәби жырға мақтадай
Керек майда алақан.
Тыныштықта тек қана
Басады ой балапан.





Пікір жазу