29.05.2021
400
Көктем құдіреті
Арулармен тектес көктем қылығы.
Алып ұшқан көңілдердің күлігі.
Аузы берік тұйық жандар шешіліп,
Ашылғандай құпиялар құлыбы.
Мен де амалсыз сыбызғымды қолға алам.
Мамыр болып тебіренем,
Толғанам.
Сыңғыр-сыңғыр төгіледі сәріде
Сандуғаштың көмейіне толған ән.
Гүл-гүл жайнап әрбір үйдің бикесі,
Жігіттердің шымырлайды жүйкесі,
Қарлығаштың ұясынан табылып
Әжеміздің ұмытып кеткен шүйкесі.
Жерге шаншып кеткен болат пышақ та
Гүлге айналар
Өтпей жатып үш апта...
Жігіт-емен күбірлейді кешқұрым
Қыз-қайыңды мықынынан құшақтап.
Күндіз-түні шырқалғанда жастық ән,
Көңілдегі сейіледі тас тұман.
Қариялар өткендерін еске алып,
От іздейді қоламтаның астынан.