29.05.2021
  216


Автор: Қадыр Мырза Әли

Базына

Дарқан дала дәулет боп тасиды енді.
Тасиды енді,
Ешкімге бас имейді.
Керегенің түбінде керілдің бе?
Балкон емес ол саған тас үйдегі!
Ақ көйлекті әдемі қайда қайың!
Айлы түнде самал боп аймалайын,
Жайлауды сен көрдің бе?
«Жайлау» атты
Ресторан емес ол, айналайын!
Қалай маған даланы мұра демес?!
Дала болып алдымда тұрады елес.
Шымырлаған бұлақтан су іштің бе?
Құбыр емес ол саған,
Кран емес!
Біртұтас боп тұрғанмен әлі ғалам,
Басқашалау өсірді сені қалаң.
Киіз үйді,
Жайлауды,
Даланы ұқпай,
Ұқпайсың ғой,
Ұқпайсың мені, балам!





Пікір жазу