Адырна
Эпилог орнына
Қақыратып шыдамның қабырғасын,
Әлі талай айтылар Қадырға сын.
Идеялар жетсін деп нысанаға,
Шірей тарттым ақылдың адырнасын.
О, жаратқан!
Ерлікпен тегім бірге,
Жақсылықтың шебінен шегіндірме!
Шіркін сөзім
Еменнің жаңғағындай
Тамыр тартып кетсе ғой көңілдерге!
Маған деген күдікті таста, құрбым.
Мен өтірік айтпайтын жасқа кірдім.
Шіркін сөзім
Амурдың жебесіндей
Махаббатын оятса тас бауырдың!
Қарақшыдан
Әділдік жолындағы
Құтқармасаң біреуді — өлім дағы!
Шіркін сөзім
Кіжінген қанішердің
Қағып түссе қанжарын қолындағы!
Қамын қойып кәдімгі қара бастың,
Жыр майданға мен қашан араластым
Шіркін сөзім
Елдерде адам асқан
Қиып түссе арқанын дар ағаштың!
Ойлар! Ойлар!
Ойлардан ауыр, басым.
Ойдан бірақ белгілі ауырмасым.
Құлағымның түбінде дыңылдап тұр
Жүйке тамыр — сезімнің адырнасы!