28.05.2021
  198


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қарлы жаңбыр алағай да бұлағай

Қарлы жаңбыр алағай да бұлағай,
Сол жаңбырдан тұрған кезде құламай.
Жарқ-жұрқ еткен шалғысымен шабыттың
Жыр егінін орып алды ұлы Абай.
Басқарғандай жауынгер сөз жасағын,
Неге мәз боп,
Неге сонша асамын?!
Ұлы атамыз орып алған егіннің
Жинап жүріп қалған-құтқан масағын!
Қай кезде де аға ініге ес дейді,
Ол жолыңды кесейін деп кеспейді...
Біз масақ та қалдырмадық,
Жас буын
Торғай болып дән тере ме,
Не істейді?!
Жыр жолымен жүріп едім мен кеше,
Масақ қайда!
Сайрап жатыр жол-көше.
Келер ақын,
Бізден түк те қалмайды,
Абай болмай амалың жоқ, ендеше!





Пікір жазу