28.05.2021
201
Қыр басында алтын қақпа мен кірген
Қыр басында алтын қақпа мен кірген.
Керегі не іздеп оны зеңгірден?!
Жұлдызы мол аспанына өнердің
Жарқ-жұрқ етіп шыққан жоқпын мен бірден.
Жаратылған жан шығармыз біз берік.
Жүз сынады өлең мені жүз көріп.
Жырдың жасыл көкжиегін көтеріп,
Атсам керек таң тәрізді сыз беріп.
Ойға толы менің өлең бақырым
Көгертпеді бірден жырдың тақырын.
Жұлдыздарды жарығымен сыпырған
Күн сияқты көтерілдім ақырын.
Тәж тәрізді көркі емес пе ой бастың?!
Жыр қызығын көппен бірге тойластым.
Күн сияқты көтерілсем ақырын,
Күн сияқты бірден бата қоймаспын.
Тауысқанмен жол-сапардың жарымын,
Қорқытпайды өлім жайлы сары мұң.
Нұрландырып көкжиегін өлеңнің,
Батқан соң да біраз тұрар жарығым.