28.05.2021
170
Шыққан сайын бір өрге
Шыққан сайын бір өрге
Шыдамды мен жыр еттім.
Ойымды өртеп жүрер деп,
Отын бастым жүректің.
Әзілдеп те қыспадым
Аруларға көзімді.
Ауыздықтап ұстадым
Арындаған сезімді.
Дос қылмадым бекерге
Темірқазық — төзімді.
Шатақ шығып кетер деп,
Жұттым ащы сөзімді.
Жоқтатуын жоқтаттым
Кескен жанға жолымды.
Сілтей бере тоқтаттым
Көтерілген қолымды.
Қанша майдан, қанша егес
Жетер жолда мақсатқа.
Тебінгі емес,
Қамшы емес —
Тізгін керек жақсы атқа!