28.05.2021
  198


Автор: Қадыр Мырза Әли

Адамдардың жұмбағы мен сыры қандай көп еді

Адамдардың жұмбағы мен сыры қандай көп еді!
Өзің кейде өзің болмай, өзге болғың келеді.
Мен білмеймін: өзгере ме, өзгермей ме шын асыл,
Кейде, тіпті, ащыдан да, тұщыдан да шығасың.
Кейде әңгімең жараспайды жақын деген жанмен де
Айта-айта жалығасың ең әдемі әннен де!
Жоғалғандай жалын жастық бермейтұғын оты ырық,
Зерігесің кейде тіпті қыздармен-ақ отырып!
Сарқылғандай сенің үшін дүниенің қызығы,
Баяғыдай етпейді әсер алма беттің қызылы.
Бұрынғыдай ықыласпен ішпейсің дос сырасын,
Біреулермен сөйлескенде басқаны ойлап тұрасың.
Ондай кезде емдеу сені мүмкін емес дәрімен,
Өзіңе-өзің ұнамаған жаман екен бәрінен!...





Пікір жазу