28.05.2021
  180


Автор: Мархабат Байғұт

ҰЛТТЫҚ ҰЛЫ ҰМТЫЛЫС

ҰЛТТЫҚ ҰЛЫ ҰМТЫЛЫС


немесе елулікке ену турасында
Қазақстанымыз, сіз бен біздің егемен еліміз, тәуелсіз мемлекетіміз таяудағы он жылда дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті елу елдің біріне айналуы тиіс.
Бұл мақсаттың ойдағыдай орындалмағы ұлттық ұлы ұмтылысты талап етеді.
Ұлтымыздың тарихында, талайлы тағдырында ұлттық ұлы ұмтылыстар аз болмаған. Арғы жағын айтпағанда, Түркістаннан, Қозыбасыдан, Ұлытаудан, Ордабасыдан, тағы басқа да қасиетті қалалар мен биік-биік таулардан, сайып келгенде, сайын даладан бастау алған ұлттық ұлы ұмтылыстар ұрпақтардың жадында жаңғырып келе жатыр.
Жекелеген адамдардың да, әр отбасының да, әрбір әулеттің де, қай этнос пен қайсы ұлттың да түрлі-түрлі ұмтылыстары мен құлшыныстары болатыны аян. Болуы керек. Сонымен бірге ұлттық ұлы ұмтылыстар һәм болады. Болмағы ләзім. Болмауы мүмкін емес. Ұлттың ұлы ұмтылыстары рухани ізденістердің жемісі ретінде де, ел басқарған ерендер көрегендігімен де, рухани серпілістер мен сілкіністерден де, намыс шамырқанушылығынан да, тағы басқа себептерден де туындауы мүмкін.
Біле-білсек, биыл жиырма жыл толғалы отырған Желтоқсан көтерілісі де ұлттық ұлы ұмтылыстың ұлы көрінісі еді.
Байыптап қараған, зерделей зейін салған кісіге «Қазақстан – 2030» Стратегиясының жүйелі түрде жүзеге асырылып, баянды орындалып келе жатқаны ап-айқын аңғарылады. Сол Стратегиямыздың өзіне біразға дейін күдік-күмән келтіріп, әрі-сәрі созбұйдаға сала сөз етіп, тіпті соншама ұзақ жылдарды болжаудың қажеті бар ма еді, барысқа айналып кете барамыз ба бәріміз, деген сияқты әңгімелерді қоздатушылар да аз емес-ті. Қуаныштысы сол, бірте-бірте, баяулап болса-дағы, ұғынушылар молайған, алғашқы нәтижелерін көре бастағанда барып, түсінушілер көбейген. Шындығына келгенде, алғашқыда сол Стратегияны да терең түсіндіру, жан-жақты ұғындыру жағы жетіспей жатты. Насихаттаудың, әрбір адамның санасына жеткізудің жаңаша жолдарын, әсерлі әдістерін іздестіріп табуда да марғаулыққа жол берілді. Дегенмен, Елбасының әрбір кезекті сөзі мен баяндамасы, әр жылғы Жолдаулары «Қазақстан-2030» бағдарламасының ұзақ мерзімді көргендікпен болжаудың Стратегиясы екендігіне, бәрібір, халықтың көзін жеткізді. Сөйтіп, ұлттық ұлы ұмтылыс Стратегиясы ––«Қазақстан – 2030» өз елімізде ғана емес, бүкіл әлемде айқын да анық мойындалды. Ол бара-бара Қазақстан дейтін елдің тең даму стратегиясы, әлемдегі әйдік мемлекеттердің соңынан ілесуді, артынан салпақтап еруді емес, тең дәрежеде дамуды көздейтін стратегия ретінде бағаланды.
Ал енді сол Бас Бағдарламаны уақыт талабына сай жетілдіре, жандандыра түсу үшін бүгінгі күні белгіленіп отырған бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу стратегиясы жайбасар баяулықты, керенау марғаулықты, әрі-сәрі әңгімені мұқым-мүлде көтермейді.
Елулікке ену стратегиясы –– серпінділік стратегиясы, секіріс стратегиясы.
Он жылдың ішінде озық елулікке ену үшін ұлттық ұлы ұмтылыс, құштар құлшыныс қажет.
Уақыттан ұтылмауды, уақыттан кешікпеуді, береке үшін бәсекенің мәнісін, Елбасы айқындап, анықтап берген алты басымдықтың талаптарын орындауды Қазақстанның әрбір азаматы, басшыдан бастап қосшыға дейін, буржуазиялық элитадан бастап ең шеткі елді мекенің кетпеншісіне дейін, менің атқарар міндетім деп түсінгенде ғана, күллі ұлт болып ұғына білгенде ғана мемлекеттік мақсатқа жетпекпіз. «Мемлекеттің мақсаты –– мына менің мақсатым», –– дейтіндей сана сапасы болмағы ләзім. Ұлттық ұлы ұмтылыс дегеніміздің мәні осында. «Даму дегеніміз –– мазмұнды да маңызды мақсаттарға қол жеткізу», –– деген екен ғой баяғы Гегель деген пәлсәпашы ақсақалыңыз.
Серпінділік стратегиясы, секіріс стратегиясы ұлттың мұратына, күллі атқару органдары жұмысының алтын арқауына айналуы керек.
Тағы да қайталап айтпайықшы, «Қазақстан – 2030» Стратегиясы –– Түркістаннан, Қозыбасыдан, Ұлытаудан, Ордабасыдан, тағы басқа да қасиетті мекендерден бастау алған бірлік жолындағы бетбұрыстар секілді, Астананың жасампаз, жарқын қадамдарымен, жаңа құрылысымен қабаттаса, қанаттаса, қатар басталған ұлттық ұлы ұмтылыс. Енді, мінекиіңіз, елулікке ену стратегиясы осы ұлттық ұмтылысқа уақыт, өмір талабына сәйкес өзгеше сипатты серпінділік беріп, секіріс жасау керек дейді. Қарапайым түсінікке түсірсек, осылай. Әлбетте, елу елдің қатарына қосылмақ тіпті де оңай мақсат емес. Алдымен халықты, қалың жұртшылықты жұмылдыру керек. Алдымен атқарушы органдарға, үлкенді-кішілі әкімдіктерге, үлкенді-кішілі мәслихаттарға, үлкенді-кішілі мекемелер мен ұйымдарға, кәсіпорындарға, қоғамдарға, фирмаларға, т.т. бар-баршамызға серпілістер мен секірістер қажет.
Айқындалған алты басымдыққа бір мәрте тағы көз салайықшы. Екінші басымдық былай аталады: «Қазақстанның жедел экономикалық дамуы үшін серпінді секірістерді қамтамасыз ету». Одан әрі осы басымдықтың мәнісі таратыла түсіндіріледі: «Халықаралық маңыздағы серпінді секіріс жобалары; түсімдердің баламалы көздерін дамыту; жаһандық экономиканың толыққанды субъектісі ретінде елдің бәсекеге қабілеттілігін дамыту; Қазақстан жаңа технолгияларды дамытатын компаниялардың құрылтайшысы және акционері болып, жаңа технологияларды олардың талдап жасалу кезеңінде игеруі тиіс... Экономикалық өсудің нақты тетігі ретіндегі БСҰ-ға кіру...»
Үшінші басымдық «Әлсіздерді қорғайтын және экономика мен елдің дамуын қолдайтын осы заманғы әлеуметтік саясат» деп аталыпты. Бұл басымдық бойынша тұрғын халықтың анағұрлым «осал» топтарын атаулы әлеуметтік қолдауды дамыту; әлеуметтік көмек жүйесін нарық жағдайларына сәйкес келтіру; осы заманғы білім беру және білікті кадрларды дайындау жүйесін дамыту; кадрларды қайта даярлау; денсаулық сақтау саласындағы қызметті ұйымдастыруда осы заманғы қағидаттар мен үлгі-қалыптарға көшу; қоршаған ортаны қорғау; бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін басқарудың халықаралық үлгі-қалыптарын енгізу көзделеді.
Сондай-ақ, демократия және қоғамды саяси тұрғыдан жаңғырту мәселелері, ұлттық қауіпсіздіктің бүгінгі қатерлер мен жаһандық ауқымдағы сынақтарға сай стратегиясы, әлемдік дамудың серпінділігін ескеретін сыртқы саяси міндеттер де басымдықтар ретінде аталғаны аян.
Асуларымыз айқын, оларды алудың жолдары анық белгіленді. Алайда, мақсатқа жетпектің аса қиын екені және белгілі. Елу елдің қатарынан ойып тұрып орын алудың оңай еместігін түсіне отырып, секіре ұмтылу –– парыз. Ұлт болып серпіле ұмтылмақ –– міндет. Стратегиялық секіріс үшін жалпыұлттық өзекті мәселелердің бәрі дерлік қопарыла қамтылып, шынайы шешімін таппаса, тағы болмайды. Елбасымыз елу елдің біріне айналуды көздей келе, бірқатар мемлекеттерге қазірдің өзінде жақындап қалғанымызды атап көрсетті. Олардың ішінде Малайзия ерекше айтылды. Жалпы осы бір жолбарыс жонды ел жайында баян етушілер аз емес. Малайзияда қызмет еткен кісілердің меңзеуіне мән берсек, бұ жолбарысыңыз қысқа ғана уақыттың ішінде қуатты экономикалық секіріс жасаған. Бұл секіріске Малайзияңыз саяси тұрақтылық, діни төзімділік, шұғыл өзгерістерге шыдамдылық және ең бастысы, ұлттық ерекшеліктерін сақтай білу арқасында қол жеткізіпті. Олардағы демократияның іргетасы –– конституцияны сақтау, азаматтардың бір-біріне деген өзара сыйластығы және мемлекеттік тілге деген жоғары құрмет екен. Арнайы қабылданған актіге сәйкес тұрғылықты ұлттың бірінші кезектегі мәртебесі мен мемлекеттік тілге күдік келтіретін кез-келген сын ел тәуелсіздігіне тікелей қатер ретінде қарастырылады.
Мінекиіңіз, көрдіңіз бе?! Малайзия дейтін жолбарысыңыз секіріс жасағанда осылай етіпті. Әрине, бұл үшін тиісті жұмыстар істелген, шаралар атқарылған. Өзге этностар біраз-біраз, шамалы қарсылық та көрсетіпті. Оларға түсіндірілген, ұғындырылған. Малай мәдениеті мен малай тіліне барлық жағдай жасалған соң өзге этностардың мәдениеті мен салт-дәстүріне де қамқорлық жасалатыны жайбағысталған. Сонымен, қазір малайлардың ұлттық мәртебесі, ұлттық тілі жан-жақты артықшылықтарға ие, мұны Малайзиядағы өзге этностар ешқандай талқыға салмайды. Бұрынғы елшіміз, бүгінгі әкім Икрам Адырбековтің сұхбатына зер салсаңыз, тәуелсіздікке қол жетер тұста малайлықтардың негізгі бөлігі ауылды жерлерде тұрыпты және сіңірі шыққан кедейлер бопты. Тіпті кейбір кісілердің жазғанына қарасаңыз, малайлардың басым бөлігі жиырмасыншы ғасырдың 60-жылдарына дейін джунглидің ішінен көп аса шыға қоймаған. Әне, ойға салыңызшы!
Осы онжылдықта, серпінділік стратегиясын жүзеге асыруда мемлекеттік тіл мәселесін малайлықтарша шешуге ұмтылмасақ, кеш қалмақпыз. Мемлекеттік тіл жөнінде де ұлттық ұлы ұмтылыс қажет. Жоғарыда Желтоқсан көтерілісі жайын атадық қой. Жиырма жыл уақыт бұрын жас қазақты Желтоқсан көтерілісіне алып шыққан кім еді, не еді дейміз. Желтоқсанның ең басты бастаушысы –– тіл. Біздің туған тіліміз, түркі текті қазақ тілі! Желтоқсан дүмпуінің күллі психологиялық және философиялық табиғатына үңілсеңіз, оның арқауы ана тіліміз болғанын аңғарасыз. Қысқы шілдеде, қарлы боранда қытымыр-қарау хабарды құлағы шала сала-ақ жас қазақ ең алдымен ана тілінің тағдырын ойлады. Желтоқсан жас санада сұрапыл сілкініс тудырып, ұлтқа деген ұмтылыс, тілге деген құлшыныс қоздатқан. Алаңда сөз сөйлемек болған аса жоғары шенділердің арғы жақ, бергі жақтары ап-анық ашылып, көпе-көрнеу масқара болған сонда. Екі ауыз сөзді қазақша құрай алмастан, қақалып қалды көбісі. Шүкіршілік дейтініміз, солардың баршасынан биік көрінген, таза да тапқыр сөзді ана тілінде айта білген бүгінгі Президентіміз еді.
«Ұлттың ұйытқысы –– тіл» екені рас болса, елулікке ену жолындағы серпінді секірісте де мемлекеттік тілді ту етіп көтеруге парыздармыз. Шыңғыс қағанның қағидасында: «Мәжіліске келіп, кекірік атып отырар мыңбасы мен жүзбасының бастары алынсын», –– деп жазылған. Малай мен жапон парламенттерінің депутаттары мінбеде сөз аларда тамақ ішпейтін көрінеді. Қан асқазанға емес, миға қарай лықсуы тиіс екен ондайда. Ал біздің мәжіліс-мәслихаттарда, аса маңызды жиналыстарда кейбір кісілердің кекірігі азып, қалғып отырары қалай? Сергектікке, секіріске жарай қояр ма ондайлар?
Бұрынырақта, «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жұртшылыққа ұғындырып, түсіндіру мақсатында Астана жақтан ақпараттық-насихаттық топтар келетін. Рахмет, олардың пайдасы болмай қалмайтын. Алайда, қайсыбіреулерінің қазақша сөйлей алмауы; базбіреулерінің білім-білігі, Бас Бағдарламаны байыптауы біздің ауыл-аймақтағылардың деңгейінен төменірек шығып жатуы күлкі тудырған жағдайлар да кездескен. Мына ұмтылыста ұлттық құндылықтар қастерленбесе, орталықтардан облыстарға, аудандар мен ауылдарға арнайы іссапарларға шығатын, ұлтқа ұғындырмақты мақсат тұтатын тұлғаларымыз, неше түрлі лауазым иелері мемлекеттік тілде сөйлеңкіремесе және мәністі жұмыс жүргізбесе, басқа жақты қайдам, біздің Оңтүстікте қиындау болады.
Оңтүстік демекші, жақында облыс әкімдігінің мәжілісінде Болат Жылқышиев мырза елулікке ену мақсаты жөнінде егжей-тегжейлі сөз қозғап: «Біздің Оңтүстік Қазақстан осы орайда не атқара бастады және нақты-нақты не істей алады?» –– деген сұраққа жан-жақты жауап берді. Мақта кластерінен бастап әрбір отбасыға және қозапаяға дейінгі аралықта әжептеуір әңгіме болды. Жақында ғана әкімдердің есеп беру кездесулері аяқталды. Біз де Сарыағаш ауданының алыстағы Жылға ауылынан бастап Түлкібас ауданының ең шеткі елді мекені Жабағылыға дейінгі әкімдердің бірқатар есеп берулеріне қатыстық. Жылға мен Жабағылы арасында бірталай тындырымды тірліктердің куәсі болдық. Бірақ, қол жеткенді қанағат тұтып жүрген жұрт та жоқ, атқарған тірлігіне масаттанатын әкім де жоқ. Осы жағы қуантады.
Талай-талай ой-пікірлерді де тыңдадық. Бәсекеге қабілетті болу, Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру, елу елдің қатарына қосылу туралы жұрттың бәрі болмаса-дағы, көбі хабардар. Алайда, жалпылама ғана сықылды. Көп нәрсе қала мен аудан әкіміне, кент пен ауыл әкіміне, өзге де басшыларға, депутаттарға, ұстаздарға, тағы басқаларға, олардың ұйымдастырушылық қабілетіне, жаңаша ойлауына байланысты. Кібіртіктеп, күбіжіктеп қалатын басшылар мен жетекшілер де бар. Тынымсыз, тың тынысты тірлігі, істің көзін, жүректердің кілтін таба білетіндігі елдің еңсесінен, жұрттың жанарынан, қарапайым адамдардың қабағынан анық аңғарылатын алғыр жетекшілер мен белсенділер де аз емес. Алайда, елулікке енудің егжейі мен тегжейін ұғындыру үшін талай қажыр жұмсауға тура келеді. Жабағылы ауылындағы біраз отбасы өз үйлерін әлемдік әуендерге сай сырбаз жабдықтауды үйреніпті. Ақсу – Жабағылы қорығын көргелі келетін талғампаз туристердің талабына жауап беретіндей биікке жетіпті. Әрине, ұлттық салт-дәстүр –– бәріне арқау. Шетелдіктер қазақы текемет пен құрақ көрпеге қуана отырады екен. Қайрат Жұмағалиевтің «Құрақ көрпе» өлеңі: «Балдәурен. Балалық шақ — Тым-ақ келте. Сол кезден қалған белгі — Бір-ақ көрпе. Бүгінде көз алдымда тұрады ылғи. Марқұм анам құраған — Құрақ көрпе!» — демеуші ме еді. Айтпақшы қазір Шымкент пен Түркістанның базарларынан небір құрақ көрпелер мен текеметтер алыс және таяу шет елдерге заулап өтіп кетіп жатыр...
Бір ауылда мұғалім кадрлары туралы әжептеуір әңгіме болды. Баяғы мұғалім мен бүгінгі мұғалім беделі, ұстаз ұлағаты хақында тебіренген бір кісі сауатсыздықтың жайлап бара жатқанына жағасын ұстайтынын жасырмады. Компьютерлік «сауаттылықтың» «мықты» екенін қайтейік, жазу сауаттылығы, сөйлем құрау сауаттылығы, дұрыс сөйлеу сауаттылығы, ұлтымыздың ұлы қайраткерлерін, руханият салаларындағы саңлақтарын білу сауаттылығы, күні кеше ғана ақталған арыстарымыз бен бүгінгі биік тұлғаларымыздың еңбектерін игеру, меңгеру сауаттылығы аяқасты қалып барады. Компьютер мониторлары мен теледидар экрандары жас ұрпақты қатыгездікке, көргенсіздікке, дөрекілікке, әдепсіздікке, нашақорлыққа, жезөкшелікке желіктіре еліктіріп әкетіп барады.
Қит етсе америкалап шыға келеміз. Сол Америкаңызда ше, балаларға ойын компьютерінде екі сағаттан артық отыруға мүлдем тыйым салынғанын білесіз бе? Ал бізде ше? Бізде көптеген жасөспірімдер мен балалар компьютерлік клубтарда түнеп қалады емес пе?! Осы орайда кітап оқу туралы ойланбасқа болмас. Кітап оқу жайын айта бастасаңыз, біреу таңырқар, екеу табалар. Алайда, қазір кітап әлеміне қайта оралу, бетбұрыс пен ұмтылыс жасау мәселесі бізде ғана емес, бірталай елдерде парасатты түрде пайымдалуда. Америка Құрама Штаттарына жаппай барыс-келіс осыдан он жылдай уақыт бұрын қыза жөнелгені белгілі ғой. Барып қайтқандардан ылғи сұраймыз. «Қалай екен?» — деп. Таңдайларын тақ-тұқ еткізеді, бастарын шайқайды. Тілдері суырыла мақтайды. «Кітап мәселесі ше?» — десең, көбісі күледі. Ештеңе айта алмайды. Жақында ғана сол АҚШ-ыңыздың бір журналын оқып, қайран қалдық. Басқа жағын қайдам, дәл осы кітап мәселесіне келгенде, олардан үйренбек ләзім екен. Олардың мектептеріндегі тәлім-тәрбиенің негізгі арқауы –– кітап оқуға баулу. АҚШ мектебінде "кітап оқу" деген ұғым "нан жеу", "су ішу", "ауа жұту" сияқты ұғымдармен бірдей екен. Олардағы ең қасиетті, қастерлі де құрметті, сүйікті орын –– кітапхана. Автобуста да, троллейбус пен трамвайда да, парк пен скверде де, бассейндер маңайында да адамдар, әсіресе жастар мен студенттер кітап оқиды екен. (Ал бізде баяғыдағыдай қолтығына кітап қысқан студент жасты көру қиынға айналды-ау). Айта берсек, тіпті аз емес. Кітап саудасына көп-көп жеңілдіктер жасалатын көрінеді. Бұл тірлікке оқушылар мен студенттер көбірек тартылады. Кітап кафеде де, кіші маркет пен супермаркетте де, студенттік буфетте де, тағысын-тағыларда да ең құрметті орынға қойылып, сатыла береді. Сексен бесінші жылдары шамамен тоғыз миллиард доллардың кітабы сатылса, он бес жылдай уақытта бұл көрсеткіш он тоғыз миллиардқа жетіпті... Сол АҚШ-ыңыздың осы күнгі қайраткер тұлғаларының бірі Граучо Маркс мырза: "Теледида𬬬¬― мен үшін кітаппен табысудың қайнар көзі. Үйдегілер көксандықты қалай қосады, мен өз бөлмеме кетіп қалып, құштарлықпен кітап оқуға кірісемін", –– деп жазады сол журналда.
Әне, еліктесеңіз осындай жақтарына еліктегейсіз...
Бізде ел мен элита жайында да аз жазылып жүрген жоқ. Материалдық жағдайдың, өлшем мен мөлшердің кенеттен күрт өзгеріп кетуіне байланысты қоғамымызда күрделі құбылыстар, үрейлі үдерістер жүріп жатқаны жасырын емес. Елулікке қосылу мақсатындағы ұлттық ұлы ұмтылысты баян ете отырып, бұл тараптағы ойларды да ашып айтпақ абзал-ау. Жоғары және арнаулы орта "білімді", "мамандықты", "дипломды" сатып алу дертке айналғаны өтірік емес. Бар мен бардың, бай мен байдың, олигарх пен олигархтың, әкімқара мен әкімқараның ғана араласуы, достасуы, ішіп-жесуі, құдандаласуы... Ондай-ондайлардың өздері ғана емес, бала-шағаларының да осы бағытта оқшауланып, бөліне бастауы... Кім білсін-ай, кім білсін, бұл құбылыстар бір жағынан дұрыс та шығар, түсіністікпен қабылдап, қызғанышсыз қабылдауға үйренген жөн болар. "Жорға жүреді, дорба жүреді, зорға жүреді" деген мәтел бізде бұрыннан да бар ғой. Дерсіз-ау, алайда, бұл құбылыстар мен үдерістер жаппай сипат ала берсе, алшақтық тым ұлғайып кетсе, біз осы өркениетке жетеміз деп жүріп, қазағымызға тән көркемниеттен жұрдай боп шықпаймыз ба? Он жылға арналған мақсатымызға ұмтыларда осы жағдаяттар да ойда тұруы тиіс. Саяси рыноктың талабы қатал. Элиталық биіктегілердің де, биліктегілердің де бірталайына сол саяси рыногыңыз ұлтын ұмыттырып жіберуі бек мүмкін. Ұлтты ұмыту дерті біздің элитада басымырақ екенін мойындай отырып, абайлауымыз абзал. "Темір текті леди" атанған Маргарет Тэтчеріңіздің өзі: "Өтпелі кезеңдерде өте тез байыған бағландар тобы пайда болады-дағы, адал еңбек иелері оларды жек көреді", ― дейді. "Біздің осы күнгі байлар, бизнесмен деп жүргендеріміз "атақты жекешелендіру" кезінде жіліктің майлы басын ұстап қалғандар, елдегі тауар тапшылығының есебінен қалталы атанған саудагерлер мен билік элитасының қорғап-қоршауындағы іскерлер. Бұлардың ешқайсысы да стратегиялық өндірістер мен шикізат қорына ие емес. Ие болуға білім-қабілеттері де, қаржы мүмкіндігі де жетімсіз. Олардың өздері ұлттық тарихи парызын зерделеп бола алмаған. Мұрты майланғандары – төрге, ұрты майланғандары – өрге таласып арамтер", ― деп, жуырда ғана көрнекті жазушымыз Алдан Смайыл бүгінгі элитамызға дәл диагноз қойыпты "Егемен Қазақстан" газетінде. "Тәуелсіздіктің тағдыры халықтың өз қолында, соның қолдауында... Саяси элита, түрлі партия, қозғалыс көсемдері, жаңадан байыған жас алпауыттардың қоғамда өз орны болғанымен, тәуелсіздіктің ертеңгі болашағы көпшіліктің, бұқара халықтың сүйеуі мен ілтипатында", ― дейді айтулы философ, публицист ағамыз Әбдеш Қалмырзаев.
Осы орайдан келгенде, күні кешегі Елбасы сайлауы, қалай дегенде де, елдік ерекшелігімізді дүние жүзіне танытты. Қазақстанның, ұлтымыздың өзіне ғана тән өзгешеліктері бар екендігін аңғартып, таңырқатты. Әрине, өктем «өркениетін» міндетсініп мықтымсынатындарға қазақтың көктем көркемниетін түсіну оңай емес, қабылдау одан да қиын.
Неғыпты сонша, элитамыздың да есі кіріп, мемлекетті мықтап нығайтуға, елдің етек-жеңін жинауға біржолата бет бұрар. Өйтпеген күнде, өздеріне қиын дә. Сол бетбұрыс мына елулікке қосылу ұмтылысымен бірге, қанаттаса, қапталдаса басталар. Онсыз онжылдыққа арналған серпінділік стратегиямыз толыққанды жүзеге аспайтыны және белгілі ғой.
Елулікке ену сіз бен бізді елеулі-елеулі елдердің қатарына қосып, алға шығармақ. Мемлекетіміз мықтап нығаймақ. Әр облыстың, қала мен ауданның, кент пен ауылдың ахуалы, әр адамның, әрбір отбасының жағдайы қазіргіден қарыштай жақсармақ. Көшелеріміз көркеймек. Табыс көбеймек. Тұрмысқа сән кірмек.
Қазақстанның он бес жылда алған асулары аз емес. Оларды ақ-адал ниетпен көре білмек те керек. Бірақ, бүгінгі табыстарға тоқмейілсуге мұқым-мүлде болмайды. Тоқмейілсуден тоқырау туындайды.
Біз ғана емес, елдің бәрі ұмтылыста. Уақыттан ұтылғысы жоқ. Ешкімнің де. Қатардан қалғысы жоқ. Етектен шауып төске ентелейді, өрге өршеленеді.
Қазақстаныңызға қарышты-қарышты қадамдар, құштар құлшыныстар керек. Жай ғана, қарапайым, қатардағы құлшыныстар мен ұмтылыстар емес, серпінділік стратегиясын жан-жақты меңгерген, терең-текті игерген тегеурінді талпыныстар қажет.
Елдік ерендік керек.
Элиталық кемелдік керек.
Мемлекеттік көрегендік керек.
Әрбір адамның іштейгі ізденісі, мемлекетшілдік сана сапасы керек.
Тек Елбасының ғана ерекше айтуы, айқындай саралауы аз. Жұртты жұмылдыру, ұлтқа ұғындыру ісі барлық буындарда да бір сәт толастамауы тиіс.
Сайып келгенде, осының бәрі ұлттық ұлы ұмтылысқа ұласуы қажет.





Пікір жазу