28.05.2021
  170


Автор: Мархабат Байғұт

ҚАРАПАЙЫМ ҚҰЛШЫНЫС

Ел межесі –– елулікке ену

ҰМТЫЛЫС ҰЛАҒАТЫ

Мархабат БАЙҒҰТ.

1. ҚАРАПАЙЫМ ҚҰЛШЫНЫС



немесе ел қатарына қосылу хақында
Құттығыз әпкеміздің құлшынысынсыз біздің тағдырымыздың қалай болары белгісіздеу еді. Ол он төрт жасында ұжымшардың жұмысына жегілді. Елу алтыншы жылдың ерте көктемінде қазақы кенеп қаптың бір бұрышын екінші бұрышының ішіне қабаттай бүктеп жамылып, сорғалаған суық жаңбырдың астында сақпаншы болып жүрді. Әкесі елу төртінші жылы қоғамдық малды емдеп жүріп қайтыс болған, шешесі қалқоздың сиырын сауып жүріп ентікпе ауру тауып қалған, екі інісі мен бір сіңлісі өзіне жаутаңдап қарайтын Құттығыздың басқа амалы да жоқ еді.
Алтыншы класты амалсыз тастап, сақпаншылықты бастап кеткен қараторы қыздың құлшынысына біраз тәптіштей тоқтала кетпегіміз ләзім. Оқта-текте оңашаланып, ебіл-дебіл, ағыл-тегіл жылап алып, көз жасын қызылала қиықшасымен сүртетін Құттығыз әпкеміз деп-демде дегдитін беті сәл-пәл қызарып, шешесі ұршық иіріп отыратын бөлмеге күлімдеп кіретін. Белсенді бригадир секілді бізге бірқатар тапсырмалар беріп, қытайдың тақта шайы тақыл-тұқыл демделген шүмегі жырық шәйнектен ыстық суды асығыс ұрттап, жүгіре жөнелер. Сақпаншылықты тәмәмдап, Хрущевтің күшімен аса маңызды да жауапты салаға айналған жүгерінің жұмысына кіріседі. Ортасы ойық ауыр кетпенді иығына салып алған әпкеміз, бейнетке әбден пісіп-қатқан қыз-келіншектердің алдыңғы сапында кетіп бара жатады.
Қас қарайған мезгілде жұрттың алдында құлшынып келе жатады.
Бес-алты қой-ешкі мен бір сиырға қыстық пішен әзірлеу де оңай шаруа емес. Үйіміздің қамыс шатыры ішіне де, малға арналған тоқал тамның үстіне үйілетін биік маяның ұшар басына да әпкеміздің өзі шығып, шөп жинайды. Ары-бері өтетіндер: «Ойпырай, мына қыздың батырын-ай, жігіт боп-ақ туатын екен дә-ә-ә!» –– десетін.
Міне, осылайша, Құттығыз үш-төрт жылдай үйдің де, ұжымшардың да тірлігін тап-тұйнақтай атқара білді. Екпінді, озат, үздік атанды. Беделді болды. Біз көршілес ауылда, ұжымшар орталығында, жетіжылдық мектеп жанындағы қысқы интернатта (көктем шыға бере жабылады) жатып оқитынбыз. Бір күні мектептің директоры, класс жетекшілер біздің ауылға арнайы барып, орталықта жатып оқитын балалардың ата-аналарымен жиналыс өткізіп, білім мен тәрбие жөнінде әжептеуір әңгіме жасайды. Сол жиналыста жұрттың көзінше Құттығыздың інісі алтыншы кластың ең үздік оқушысы екендігі айрықша айтылады. Тіпті аты-жөні қайта-қайта аталады. Ата-аналардың ішінде отырған Құттығыз қуанғанынан ебіл-дебілі шығып жылап қоя береді. Әпкемізді тебірене түсінген ата-аналар да қосыла жылайды.
Жиналыстан шыққан Құттығызға кенет бір ой түседі. Күн сенбі, қар қалың. Интернаттың балалары сенбі күні кештетіп ауылға қайтады. Жексенбіде интернат істемейді. «Жаңа ғана жер-көкке сыйғызбай мақталған інім де жеті шақырым жаяу жүріп, қара саннан қар кешіп, қор боп қайтады-ау...» –– деп күбірлеген Құттығыздың алдынан торы атқа мінген бригадирдің көмекшісі шыға келеді ғой, баяғы. «Көке, атыңызды біржарым сағатқа ғана бере тұрыңызшы», –– дейді Құттығыз. Бригадирдің көмекшісі ішіп алған екен. «Неләсің атты, сен қыз?» ––дегенді тілі бұралып айтады. «Көкетай, бір сағатқа ғана! Әтілешін оқитын інімді өмірінде бір мәрте атпен алып қайтайыншы, а? –– дейді әпкеміз. –– Жұрттың жаман оқитын балалары да атпен қайтады екен...» «Жоғал-әй былай, тақылдамай!» –– деп зекиді бригадирдің көмекшісі. Құттығыз әлгі кісінің үзеңгіге ұшынан әрең ілініп тұрған аяғын етік өкшесінен көтеріп жіберіп, ары қарай аунатып түсіреді де, торы атқа қарғып мініп, Абай ауылындағы Алтынсарин мектебіне қарата шаба жөнеледі.
Интернаттан енді шыға бергенімізде, Құттығыз аттан түсіп, бетімізден ары да сүйді, бері де сүйді. Апамыздың құрақ көрпешесін төсеп, мінгестіріп алды. Торымен желе-жортып келеміз. Тассайдың қиясында қар қалың екен, ат омбылап қалды. Одан да өттік. Ауылдың күңгірт шамдары көрінді. Ол кезде электр жарығы жоқ. «Ел қатарына қосылуымыз керек, –– деді әпкеміз. –– Әтілешін оқуыңнан танба, білдің бе? Мен оқымай қалдым ғой, енді сендер оқыңдар... Әдейі аттың үстінде ақыл айтып отырмын саған. Ел қатарына қосылам десең, оқы. Білдің бе?! Мен мына атты қалай алдым, білесің бе? Помбригадты аударып тастадым...» «Қорықпайсыз ба?» –– дедім сонда. «Несіне қорқам, мен сияқты қалқозшыны тауып көрсін олар, –– деп сықылықтай күлді Құттығыз. –– Шіркін-ай, біздің ауылға да электр жарығы келіп, ел қатарына қосылар ма екенбіз?»
Әпкеміздің екі сөзінің бірі: «Ел қатарына қосылар ма екенбізден» басталатын, немесе солай аяқталатын. Ал, «помбригадты» атынан аударып тастағаны үшін озат қалқозшыға ештеңе де болған жоқ. Торы атты апарып бергелі барса, Әшкен көкесінің мастығы сейіліп, сыртта күтіп тұр екен. «Кешіріңіз, көке!» –– дейді Құттығыз. «Кешірейін, бірақ сен қыз мені аттан құлатқаныңды жан баласына айтпағын, мақұл ма?» –– дейді Әшекең. Обалы нешік, екеуміз де ешкімге айтпаған сияқтымыз-ау, алайда «помбригадтың» аттан аударылғанын ауыл адамдары, бәрібір, біліп қойыпты.
Алпысыншы жылы жазғытұрым, біз жетінші класты бітірер қарсаңда Құттығыз Жуалы ауданындағы «Кеңес» ұжымшарының жігітіне тұрмысқа шығатын болды. Екеуі бір-біріне ғашық боп қапты. Оның үстіне ол жылдары біздің аймақта жасы он сегізден асса болды, күйеуге тимеген әпкелеріміз деп-демде «кәрі қыз» атанып шыға келетін. «Жарты гектар жоңышқаны қалай шабамыз?» –– деп ашуландық мына біз. Қолымыздағы кетпенді жұлып алып, сабағыңа қара деп, орақты да ұстатпастан, оқуыңды оқы деп, қара жұмысқа икемсіз етіп тәрбиелеген өзі кінәлітұғын. Әжептеуір ұрысқа кірісіп-ақ кеткен екенбіз, апамыз әзер тоқтатты. «Жездең екеуміз келіп, жоңышқа орамыз, жүгері егеміз, пішен маялап береміз, қорықпағын», –– деді әпкеміз.
Құттығыздың қалап тиген жігіті де інісі сияқты нағыз ақсаусақ, қатты-қайырым тірлікке жоқ, қара жұмысқа жалқау боп шықты. Біздің апамыздан айнымайтын аурушаң шешесі, жалғыз сиыры бар екен. Әсіресе, жәпірейген жаман үйлері ұнамапты. Қамыс шатырлы, еңселі үйіміздің есігінен тік кіріп, тік шығатын Құттығыз әпкеміз Кеңес ауылының шет жағында қоңырайған тоқал тамның есігінен екі бүктетіліп шығуға да, еңкейіп кіруге де көндіге алмастан, қайта-қайта маңдайын соғып, мұрны судай қанайды екен деген жайсыз хабар жетті. Апамыз шыдай алмай, тау асып, тас басып, барып қайтты. Мұрны қанай берген соң мәз бола ма, қараторының әдемісі саналатын қызы боп-боз боп кетіпті. «Құдағи-оу, –– депті біздің Әсем апамыз сонда, –– айналайын Алланың кең дүниесін тарылтып, есікті соншама пәсейткендерің қалай? Қайран қызым қор болды-ау...» Намыс деген қиын ғой, құдағиы да қайтпастан, апамның әуенінен де асырып: «Қызыңды аспандатып мақтай берме, келіншек секілді сызылып кіріп, иіліп шығуды білмейді», –– депті.
Айта берсек, әңгіме созылып кетпекші. Құттығыз құлшынып, жездеміздің шегіншектегеніне, енесінің бетін шымшығанына қарамай, жаңа көшеден жер кестіріп алған. Жай жерден емес. Қай жерден десеңіз, тұп-тура мектеп директоры алған телімнің түбінен. Өзі ортасы ойық кетпенді құлаштай сермеп, таңсәріден топырақ босатып, ұзындығы он, ені сегіз метрлік үйге жетерліктей қам кірпіш құю үшін арықтан су жығып, сабан түсіртіп, асарға адам шақырып үлгереді. Ғашық боп тиген жігітіне: «Ал, ауқатқа да жақсылап дайындалайық, екі ешкінің біреуін сойып бергін» –– десе, жездеміз асардан азар да безер боп қорқып, әлдебір себеп тауып, тау жаққа қашып кетеді.
Құттығыздың құлшынысы нәтижесінде күзге қарата Кеңес ауылында жап-жақсы дерліктей, жаңа үй де тұрғызылады.
Құттығыздың құлшынысынан жездеміз титімдей де зиян шеккен жоқ. Жасы біразға барып, балалы-шағалы боп қалған шағында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы мәдени-ағарту училищесін сырттай бітіріп, түсіне де кірмеген клуб меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді. «Мен оқи алмадым, ең бомаса сен оқы!» – деп, жездемізді Жамбылға желкелеп жұмсаған да әпкеміз еді. Құттығыздың өзі мектептің еден жуатын қызметшісі боп жүріп-ақ жұртты жұмылдыра білетін. «Ел қатарына қосылуды ойлайық», –– дейтін екі сөзінің бірінде. Осылайша Ордабек жездеміздің отбасы да ел қатарына қосылды. Өзі, жаңа айтқанымыздай, клубта біраз жыл істеді. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклін ауыл клубының сахнасына шығарды. «Әттесі-ай, –– дейтін еді жездеміз. –– Ел қатарына ертерек ұмтылып, тезірек қосылуымыз керек еді, оқуға жасырақ кезде бару керек еді. Мен Қозының, әпкең Баянның рөлін ойнауға тым кешігіп қалыппыз дә -ә -ә-ә. Құдай ұрғанда, лажсыздан Жантықтың бейнесіне бекітілдім-ау мына мен...»
Құттығыз әпкеміз он бала тауып, «Ардақты ана» атанды. Өкінішке қарай, Ордабек жездеміз орнықты отағасыға айналып, бала-шағасының қуаныш-қызықтарын көре бастаған шақта, тым ертерек кетіп қалды бақилыққа.
Ұжымшарыңыз түп-түгел таратылып, шопан боп жүрген ұлы Нұрбек кенеттен қазаға ұшырап, жездемізден және айырылған Құттығыз күйреп барып, күйзеліп барып, әрең түзелді. Әзер серпілді.
Қайта құлшынды қайран Құттығыз.
«Тәуелсіздікке тәубе, еліміз ел қатарына қосылып кетеді әлі-ақ», –– деп, немерелерін ойнатып, балапандарын ерткен қаздай қоқиланатын Құттығыз тағы да қарап отырмады. Жасы алпысқа шыққанда алыс таудағы қирап қалған қалқоздың қорасын жамап-жасқап, жекеменшік малын көбейтуге тырысты. Марқұм шопан ұлынан қалған оншақты уақ-түйектің, үйіндегі жиырмашақты қой-ешкінің басын біріктіріп, тауға апарып баға бастады. Жанына көнбістеу ұлы Сабырханды қосып алды, оқып-тоқыған Нарбегі мектепте жұмыс істейді, Қамзабегі де әкесі сияқты ақсаусақтау еді, Таразға барып тұрақтады.
Құттығыздың құлшынысы арқасында алыстағы, иесіз қалған қой қорада тірлік қызды.
Құттығыздың құлшынысы ұл-қыздарына, бірінен кейін бірі сызылып кеп түскен келіндеріне жұғысты болды.
Құлшыныстың нәтижесінде Құттығыз әпкеміз бүгінде «Фермер апа» атанып жүр.
Кешірерсіз, құрметті газет оқырманы, мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Біз бұл жолы өзімізге жақынырақ, жақсырақ таныс жағдаятты ұзағырақ тәптіштедік. Әдейілеп. Құдайға шүкір, көптеген ауылдар және ауыл адамдары, әрине, құлшынып, ұмтыла білгендері, ел қатарына қосылып кетіп жатыр. Ел қатарынан қалмауды, ел қатарына қосылуды, қатарының алды болуды қазақ қашаннан-ақ қағидалаған.
Құттығыздың құлшынысы –– қарапайым ғана құлшыныс. Бірақ, аса қажет құлшыныс. Әпкеміз анау заманда да құлшына білді, мынау заманда сол құлшынысын арттыра түсті. Анау кездері негізінен ел қатарынан қалып қоймауды көздесе, мынау кезеңде бірталайынан алда болмақты мақсат тұтатындай. Ұжымшардың жаман қорасын қазір әлдеқайда жақсартып, «өркениеттендіріп» үлгерген. Қойы жүздеп, сиыры ондап саналар. Алтыншы кластың жартысына дейін ғана оқыған о кісіңіз кешегі «кеңестік құлшыныс» пен бүгінгі «тәуелсіз, еркін құлшыныстың» мәнісін түсінбейді десеңіз, қатты қателесесіз. Ешкімге жалтақтамай, ешкімге жалпақтамай, емін-еркін, емен-жарқын тірлік жасап жатыр.
Әр ұрпақтың басынан әр түрлі жағдайлар өтеді. Кешегі кеңестің тұсында һәм ұрпақтардың ұмтылыстары, ұрпақтар өкілдерінің құлшыныстары болды. Болғанда қандай! Съездер мен пленумдардың шешімдерімен, азық-түлік туралы, тағысын-тағы бағдарламалардың буымен жігерленіп ұмтылды. Ұрандарға иланып ұмтылды. Бесжылдықтардың белестеріне құлшынды. Ондай-ондай ұмтылыстар мен құлшыныстар үшін ұрпақтарды кінәлау орынсыз. Әлгі шешімдердің көпшілігі шикі, бағдарламалардың бірталайы бұлдыр-бұлыңғыр, қағидалар құрғақ қиял боп шығатын да, оны ұрпақтар кешірек ұғатын. Ең басты ұран –– коммунизм ұранының да күлі көкке ұшты да кетті.
Құттығыз әпкеміздің: «Коммунизм орнатпайтын болдық па сонда?!» –– деп таңдана ашуланғаны да көз алдымызда. Қуанарлығы сол, шыли көп кідірмей, сары уайымға салынбай, тәуекелшіл табиғатынан танбай, құлшынысын қайта тапқан әпкеміз.
Бүгінде, яғни жиырма бірінші ғасырдың алғашқы онжылдығында, «Фермер апаңыз» малды ғана көбейтумен шектелмейді. Құс өсіріп (тұмаудан аман болғай), базарға жұмыртқа шығарады. Бауында бал татитын жаздық және қыстық қышқыл, қызыл алма самсап салады. Тізілген теректері жаңа құрылысқа да жарап тұрыпты... Шарбақтың аяғында сарымсақ пен пияз, картоп пен қызанақ өседі.
Бір қызығы (әзіл-шыны аралас қой, әрине), бұрындары, оншақты ғана қойы бар кезде «кеп кетсеңдерші» деп қайта-қайта шақырушы еді. Қазір жүздеген малы бар «Фермер апаңыз» ондайды айтпайтынға айналды. Мейман күтуге мұршалары да жоқ шығар. Бәлкім, қазекемнің тым-тым қонақшылдығы осылайша, бірте-бірте шектелер.





Пікір жазу