САУЫТБЕКТІҢ САБАҚТАРЫ
парақтары». «Елорда» баспасы.
2006 жыл.
Аталмыш кітаптың аңдатпасы аңғарымпаз оқырманға бірталай нәрсені бірден-ақ байыптата бастайды. Құлақ қойыңызшы: «Біздің Пушкин» аталған бірінші бөлім «Евгений Онегин» романының аудармаларын талдауға арналса, «Вер бана ат» бөлімінде Пушкин шығармаларындағы түркизмдер жөнінде сөз етіледі. Бұл — бұрын-соңды жалпы пушкинтануда қозғала қоймаған тақырыптардың бірі. Еңбектің ғылыми тұрғыдан тосындағы, жаңалығы да осында. «... Оралға келдім» зерттеуінен ақынның 1833 жылы қазақ жеріне жасаған сапарының жай-жапсарына қанығасыз. Кітап соңындағы «Құран және Пушкин» атты зерттеу мақаланы қазақ әдебиеттануының тәуелсіздік жылдарындағы сүбелі табысы деудің ешқандай артықшылығы жоқ».
Ал енді бірінші бөлімнің тараулары тақырыптарына назар аударыңыз: «Кілт», «Төлтума мен телтума», «Абай асқары», «Е, Тәтіш!...», «Аударма асулары», «Түйін». Әлбетте, тақырыптарға бөлмектің және оларға ат қоймақтың мәнісі бар. Абдрахмановтың бұл орайдағы айрықшалығы тіпті тәнті етеді. Сол тәнтіліктен де біз пікіріміздің тақырыбын «Сауытбектің сабақтары» деп отырыппыз. «Кілтінің» өзінде Сауытбек сыр сандығын сыңғыр еткізе бұрай білуімен-ақ бір сабақ беріп тастайды. Басты мақсат «Евегний Онегин» сынды адамзаттың асыл қазынасына айналған туындының қазақ әдеби және фольклорлық дәстүріндегі алатын орнын жаңаша пайымдау екеніне ерекше екпін түсіріледі.
Әсіресе, аударма белгілі бір ұлт тілінің қадір-қасиетін, мүмкіндігін танытудың сенімді жолы екендігі, онда автор мен аудармашы ғана емес, тіл мен тіл сынасатыны, сол арқылы белгілі бір дәрежеде ел мен ел өнер жарысына түскендей күй кешетіні, түтеп келгенде, тәржіма тіліңнің тегеурінін, еліңнің елдігін көрсетудің құралы болып табылатыны дәлелденеді. Дейді «Кілтіңіз».
Осылайша «Төлтума мен телтумаға», екі жағын егіз-қатар емен көмкерген көркем жолға түскендей, етене еніп кете барасыз.
Сауытбек Абдрахманов ә дегеннен-ақ Әуезовтің: «Жұрт айтпаған ойды айту — анда-санда бір ұшырасатын бақыт, ол — ырыс... Ойдың көпшілігі жұрт айтқан ой болуы мүмкін, бірақ соны басқаша түрде айта білудің өзі — қасиет», — деген пікірін дәтке қуат ететіндігін мағлұмдайды. Алайда, авторыңыз асқан кішіпейілділік танытып отыр. Мұнысын Сауытбектің сыпайылық сабағы десек, тіпті жарасар. Әйтпесе, әрмен қарай жұрт айтпаған небір соны ойларды осы автордан оқисыз. Алдымен Абдрахманов бұрынғы-соңғы барша жазбагерлердің ең елеулі, құнды-құнды пайымдаулары мен пікірлерін тұжырымдай, түйіндей тізіп келтіріп, көгенде жусаған қошақандардай-ақ көз алдыңызға әкеліп береді. Сонсоң ұлы ақын шығармасын талдап-таразылаудың үш жолын айқындадйы. Біріншісі — «Пушкинді мәдениеттің қайталанбас құбылысы ретінде қарастыру жолы». Екіншісі — «Пушкиннің тағдырын сөз ету арқылы ақын өнерінің эстетикалық болмыс-бітімін ашу жолы». Үшіншісі — «Пушкинді ақылман-мәдениеттанушы ретінде қарастыру, ақынның эстетикалық көзқарастарын оның өзінің әдебиет пен өнердің туындыларына, тарихтың, философияның сан қилы салаларына орай айтқан ой-пікірлері арқылы танып-білуге тырысу жолы».
Мінекиіңіз, осы үш жолды саралаудың барысында Сауытбегіңіз Мұхтар Әуезов меңзегендей, жұрт айтқан ойларды орын-орнымен ғана алдыңызға тарта отырып, өзіне ғана тән соны соқпақтар табуымен және тыңға түрен салуымен таңырқата түседі. Сөйтіп, бірте-бірте, байыпты түрде, ақырын-ақырын аударма мәселесін мәністей бастайды. Сауытбектің сырбаздық сабақтарына саятын стильдің өзі өзгеше. «Орыс қоғамының дамуында да аударманың атқарған қызметі өлшеусіз. Бұл істе Пушкиннің еңбегі ересен. «Аудармашылар — санаткерліктің сандалкөктері» деген қанатты сөздің иесі — Пушкин», — дейді Сәукең. Сөйтіп, «Гнедичтің сан жылдарын сарп етіп» «Илиаданы» аударғанына Александр Сергеевичтің қалай қуанғанының өзін Сауытбектің шаттанғанынан шын сезінесіз. Пушкин шығармаларының аударылу сапасына орай орыс зиялыларының қапаланғанына қосылып, қынжылысқа түсесіз. Абдрахманов романның өзгешеліктері, өлеңнің сазы, музыкасы хақында жазып отырғанда, оның зерттеушілік зеректігі, зияткерлігі, ғұлама ғалымдығы менмұндалаусыз-ақ айқын аңғарылады. Тағы да ақырын-ақырын ғана алыбымыз Абайға қарай қалай көшіп алғанына аң-таңсыз. Қос алыпты салыстыра келе: «Пушкин шағармалары, әсіресе, оның ең басты туындысы –«Евгений Онегин» романы аударуға көнбейтіні жөнінде көп айтылған, көп жазылған. Сонда да адамзат мәдениетінің Пушкин шыңына ұмтылған талабы бір сәт те бәсеңсіп көрген емес,» — дейді. Осынау түйінді пікірін одан сайын тереңдете түсіп, кейбір әдебиет мамандары айтқандай, Пушкиннің бір шумақтың өзінде қырық құбылатынын дәйектей отырып, Сәукең мынадай маңызды қорытынды жасайды: «Аудармадағы басты қиындықтардың бірі де осында. Атақты «онегин шумағының» уәзінін сақтау, құрсаулы ұйқас шарттарын бұзбау өз алдына, ең негізгісі — Пушкин романының интонациялық байлығынан айырылып қалмау».
«Абай асқарында» Сауытбек Абдрахманов, жоғарыда айтқанымыздай, қос ұлттың қос құбылысын жан-жақты, әсіресе, аударма арқылы шеберлікпен, шендестіре, теңдестіре талдайды. «Абай шығармашылығы — әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып кететін ғажайып құбылыс» деп алады-дағы, Сәукең өз мәнерімен, өзіне ғана тән білікті байыппен, текті тереңдікпен талдамаға кіріседі. Дәлелдеп-дәйектеу жағынан жазбагерден үйренер үлгі-өнеге жетіп-артылар. Тиісті тұстарда Тәкендейін (Әлімқұлов) тылсымдарға жүгінетіні де жарасымды. «Телтуманы төлтумадан асырып жіберу тек Абайдай құдіретті тұлғаның ғана қолынан келсе керек» деп, бұған һәм нақты мысалдарды молынан тарту етеді. Абай неге «Евгений Онегинді» өзінше «өзгертіп», «Татьяна-Онегин» ғып әкетті? Екеуінің ауызекі жауаптасуларын да қалайынша хатқа айналдырып жіберді? Неліктен Онегинді опасыз жігіт етпей, үлгілі жігіт; ал Татьянаны биязы қыз етіп шығарды? Осынау сауалдарыңыздың бәріне жауапты Сауытбектің сабақтарынан табасыз. Абай кемеңгерлігінің кемел тағылымдарын тереңірек түйсіне түсесіз.
Бірер тұстарда қашан да салмақты, салиқалы, сыпайы да сырбаз Сауытбегіңіздің өзі көпе-көрнеу кемшіліктерге төзе алмай кететінін көріп, ризалығыңыз еселенеді. «Евгений Онегин» романының көп нүкте қойылатын тұстарына байланысты Дүкенбай Досжан сынды мықты жазушыңыздың атүстілеу айтқан пікірін тұтас теріске шығарады. «Зады, жете білмейтін тақырыпты абайлап айту керек шығар. Дәл осы мәселе жөнінде Пушкиннің бір бет қолжазбасын қолға ұстап көрмеген айдаладағы біз тұрмақ, өмір бойы ақын шығармашылығын зерттеген, ең танымал, ең беделді деген текстолог-пушкинистердің өзі өте-мөте абайлап сөйлейді, дұрысы — сөйлемеуге тырысады», — деп алады-дағы, көп нүктелердің негізгі себептерін нақ-нақ ашып береді. Тіпті осы кітаптың бір жерінде Сауытбегіңіздің Дүкең түгілім, Достоевскийдің бір ойымен де онша келіспейтінін білдіріп, «керісіңкіреп» отырғанын байқап қалдық. Бұл-дағы — Сауытбек сабақтарының жарқылды жақтары.
Кітаптың «Е, Тәтіш!...» тарауында сіз ұлы туындыға, оның керемет кейіпкерлеріне бұрынғыдан бетер жақындайтыныңыз сөзсіз. Абдрахманов адамзатқа ортақ ақыныңыздың орыс халқының ұлт ақыны ретіндегі айрықшалықтарын айшықтай сипаттайды. Белинскийдің бәдіздеуіне дейін алға тартып, абайлап қана алашыңызға ауысады. Қазақ әдебиеттанушылары мен сыншыларының сан-алуан ой-пікірлерін ғылыми негізде салыстырады. Аудармашыларға қайыра аялдайды. Әсіресе, Әсет аудармасына алабөтен ықылас қояды. Оның «Е, Тәтішін» тақырыпқа шығаруы да осыдан. Халықтық нұсқалар хақындағы тұжырымдары һәм толғаныстарға толы.
«Аударма асуларында» автордың ғылыми ізгі ізденістері және соларға орайлас ой-пікірлері бедерлене түсетіндей. Ілияс Жансүгіров аудармасының айрықшалықтары, «белгілі бір дәрежеде ағартушылық қызметі де болғаны», «сол жылдар үшін жетістік деп бағалануға лайықтылығы», Қуандық Шаңғытбаевтың ұлы шығарманы аударуға қайта-қайта оралуы жан-жақты сараланады. «Мұзафар Әлімбаевпен бір пікірлескенімізде: «Қуандық — аударманың классигі» дегені бар еді. Осы сөз — сөз. Бұған қосып айтарымыз: Қуандық Шаңғытбаев поэзиясы қандай ауқымды зерттеудің де объектісіне айнала алатын ғажайып әлем», — дейді Сәукең. Өзі зерделей зерттеп, зерлей мәнерлеп берген тақырып туралы да осылайша кішіпейілділік көрсетеді.
«Түйінде» де Сауытбек айтатын соны ой-пікірлер мен текті тұжырымдар аз емес. «Евгений Онегиннің» қазақтың өлең өріміне еткен әсері, Абай аудармалары — қазақ ақынының шын ұлылығының айқын айғағы екендігі, қазақ атты халықтың сол өлмес, өшпес өлеңдерді қажетсінген рухани әлемі, жырсыраған жүрегі жайындағы, Ілияс пен Қуандықтай құлагер дүлдүлдердің рухани ерліктері туралы, әлем әдебиетінде аударылмайтын ақын деп саналатын Пушкинді осынша дәл, осынша көркем, осынша сазды сұлулығын сақтап қайта жырлатқан... қасиетті қазақ тілі туралы тамаша қорытындылары көп жағдаяттарға көзіңізді жеткізеді.
Кітаптың «Вер бана ат» бөлімі кіріспесінде автор айтқандай-ақ, бүгінгі заманның өңді өзгерістеріне, тәуелсіздіктің қаншалықты жемістер әкелгеніне көбіміз жете назар аудара бермейміз, бағалай білмейміз кейде. Сәукең қазіргі тәуелсіз сананың бір көрінісін әдемі аңғартып өтеді. Осыдан отызшақты жылдай уақыт бұрын ғана Олжас Сүлейменов "Аз и Я" кітабында "Игорь жасағы жайындағы жырдың" мәтінінде түркі сөздері көптеп кездеседі деп жазғаны үшін жазғырылып еді ғой?! Ал Сауытбек Абдрахманов "Вер бана атта" анау-мынау емес, Александр Сергеевичтің он томдық академиялық басылымының өзінен-ақ түркизмдер ретінде 217 (екі жүз он жеті) сөз тауып отыр емес пе?!
Сауытбек Абдрахмановтың осынау екі жүзден аса түркизмге түсініктеме беріп, талдама жасауы да тәнті етеді. Оларды көзбен көріп, көңілмен сезініп, мерейленуді оқырманның өзіне қалдырайық.
Әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін ғана емес, тарихымыз үшін де Александр Сергеевич Пушкин сынды алыптың қазақ жерінде болғаны – қымбат қазына. Сауытбектің "... Оралға келдім" атты айтулы зерттеуінің мән-маңызы да осыған орай еселеп арта түсетіні түсінікті. Мақала авторының ізденімпаздығы мен білімпаздығы соншалық, ол орыс тарихының кейбір кілтипандарын орекеңдердің өздерінен басымырақ білетін секілді сезіледі. Пугачевке байланысты Пушкин көзқарастарын таразылағанда, таңырқамасқа лажыңыз қалмас. Әскери тәртіптің түрлі құйтырқыларына дейін қалай қазбалағанына қайрансыз. Дальмен бірге дала кезгендей әсерге бөленесіз. Пушкиніңіз Жайық жағасындағы шаһарды кітап авторы Абдрахмановпен бірге аралағандай елтитініңіз рас. Бұған, осындай нәтижеге Сәукең оп-оңай қол жеткізген жоқ, әрине. Нешеме әдебиет ақтарды, шаң басқан қаншама қағаз-құжаттарды қарады, сарылып, сарғайып, небір естеліктер мен хаттарды оқыды және тоқыды десеңізші!
Оқырмандармен жүздесулерде жазбагеріңізге: "Пушкиннің қазақ халқының тыныс-тіршілігіне қызығушылық танытқаны рас па? Рас болса, оны қандай дерек-дәйектермен алға тартар едіңіз?" – дегендей сұрақтар қойылатыны заңды. "Танытқаны рас" дейді ондай сәттерде Сауытбегіңіз.
Осынау сырларға қаныққысы келетін оқырман «Вер бана ат» атты кітапты тауып алмаққа асығар.
Әрине, аталмыш кітаптағы «Құран және Пушкин» атты зерттеудің жөні бөлек, жосығы ерек.
«Пушкин жырындағы діни сарындар туралы ой толғау арқылы біз ақын шығармашылығының халықтық сипатын, оның жырының мұсылман әлеміндегі ұлттардың жүрегіне де етене жақын болып келетінінің түпкі сырын да аша түсуді мақсат етпекпіз», ― дейді зерттеуінің бастапқы бір тұсында Сәукең. Сөйтіп, «Құран және Пушкин» зерттеуінде осы мақсатты ойдағыдай орындап шығады. Алып ақын әу бастан-ақ қазақ қауымына қалайынша қымбат, жанына жақын болды? Пушкиннің 1826 жылғы 8 қыркүйек күні дүниеге келтірген «Пайғамбар» жырындағы пайғамбар кім? Бұл туындыны авторымыз неліктен шайырдың бағдарламалық жыры деп отыр? Ұлы суреткер хақ тағаланың бұйрығымен ақындық қонған адамның өзге жұрттан алабөтен қасиеті болатынын, сол илһам қуатын майда-шүйдеге шашып-төкпеу, арындап жүріп арзандап қалмау керектігін неге тура осы өлеңінде айтып отыр? Осындай-осындай саулап жөнелер сауалдарға Сауытбегіңіз «Пайғамбар» және «Құранға еліктеу» жырларын ғажап талдай білуі арқылы жан-жақты жауап беріп, қасиетті Құранымыздың сүрелерімен, Мұхаммед пайғамбарымыздың ғұмырбаянымен ұлы Пушкиннің ізденістерін, хаттарын, өзге зерттеушілер пікірлерін байланыстыра отырып, өзінің көкейкесті тұжырымдары мен бастапқы басты мақсатын үйлесімді һәм ұнасымды дәлелдеп, дәйектеп шығады.
Осыдан алты жылдай уақыт бұрын Абдрахманов жайында айтулы ағасы, заманның заңғар суреткері, бүгінгінің теңдесі жоқ таңғажайып ойшылы Әбіш Кекілбайұлы: «... талантты қаламгер, білікті ғалым, қарымды қайраткер азаматымызға қандай сенім артып, қанша үміт күтсек те, көптік етпейді» деген екен. Сондай сенімдер мен үміттердің үдесінен шығып келе жатқан Сауытбектің баршамыз үйренер сабақтары тіпті де аз емес. Өзге жақтарын қоя тұрғанда, «Егемен Қазақстанда» жүзеге асқан, жалғасып жатқан «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды», «Әлемге әйгілі...» жобалары, тәуелсіздікке байланысты байсалды бағдарлар, алашты ардақтауға тәрбиелейтін айдарлар, тарих пен тағлымды, тектілікті тәлімдейтін тұғырнамалар ше?! Сауытбегіңіздің қазақ журналистикасындағы, қазақ публицистикасындағы сабақтары... Мәдениеттанушы, әдебиеттанушы, сыншы ретіндегі сабақтары... Қайраткер ретіндегі сабақтары... Салмақтылық сабақтары... Салиқалылық сабақтары... Парасаттылық сабақтары...
Иә, Сауытбектің сабақтары жалғаса бергей. Мына Пушкинтану парақтары да — Сауытбектің санаткерлік сабақтары.