27.05.2021
294
Көкіректе бұрқ-сарқ етіп қайнап ән
Көкіректе бұрқ-сарқ етіп қайнап ән,
Көрінбейтін көк мұнардан айналам.
Ақ сағымға қойып-қойып кететін
Асау көңіл ауыздығын шайнаған.
Автогендей ұшқын шашқан көзіңнен,
Алаулы шақ, түк қоймадың төзімнен.
Ауыз шіркін күюдейін күйді ғой
Арман қуып ала қашқан сезімнен.
Алағызба ақ жыны бар жыр атын
Ағайын ба ұлыларша ұғатын!?
Апармайтын жерге кейде апарып,
Жықпайтұғын жерге кейде жығатын.
Аққан кезде екпінімен жер тіліп,
Ат тұяғын қуыс-інге көр тығып!
Аунай түсіп абыройдың ерінен,
Айдалада жаттық қанша мертігіп!
Еліктірмес,
Желіктірмес түз кімді?!
Өкінішке бердік талай жүз күнді.
Амалсыздан үйрендім мен, ағайын,
Ақырында іркіп ұстап тізгінді!
Ойлы көзбен қарар болсаң досыңа,
Түсінерсің:
Осы жағдай,
Осы хал...
Аяғына қазан байлап жүгірген
Ертегінің жел аяғын есіңе ал!