27.05.2021
160
Жұмыртқаның сарысындай ішігі
Жұмыртқаның сарысындай ішігі
Сап-сары боп құстың шөже-кішігі
Өсіп жатыр...
Өсіп жатыр бір жерде
Қарсақ пенен түлкінің де күшігі.
Туа сала тастап кеткен анасы
Көжектерге толы қазақ даласы.
Өсіп жатыр...
Өсіп жатыр бір жерде
Қара құс пен жапалақтың баласы.
Енесіндей тәтті ұйқысын бөліп түн,
Қозы-лағы ақ марал мен еліктің
Өсіп жатыр...
Өсіп жатыр бір жерде
Бөлтіріктер майын сорып кеміктің.
Бәрі сәби,
Бәрі бөбек қоныстың.
Күлкіменен толтырады жол үстін...
Бір жерлерде жұмыртқасын жарғалы
Жатыр ма екен балапаны соғыстың?!