27.05.2021
  219


Автор: Қадыр Мырза Әли

Кеше ғана бала едік

Кеше ғана бала едік,
Сенесің бе?
Жүрміз қазір қырықтың белесінде,
Жоқ есімде көңілді балалық шақ,
Жұтқын соғыс бірақ та әлі есімде:
Ашу-ыза көбейіп қанымызда,
Азайған кез жанымыз,
Санымыз да.
Сол жылдардың таңбасы өшер емес
Басып кеткен күйдіріп жанымызға.
Көре алмадық қу жанын жасырғанды,
Қу өлімнен қулығын асырғанды.
Анасы боп жетім ұл,
Жетім қыздың
Ақ жаулықты жеңгеміз жесір қалды.
Естімедік ол кезде мұңсыз әнді,
Қаралы күй кернеді үнсіз маңды.
Жиырмасында жас қыздар гүлдей солып,
Алпысында әжеміз ұлсыз қалды.
Мүлік емес қайтадан құрап алар,
Ойсыраған жүрекпен жүр аналар.
Адам түгіл
Адамның суретінсіз
Үңірейіп қалмай ма рамалар?!





Пікір жазу