27.05.2021
  150


Автор: Қадыр Мырза Әли

Бұған құлақ түрмеген түбі арандар

Бұған құлақ түрмеген түбі арандар,
Тыныштыққа шақырған бір ұран бар.
Сабыр бітіп,
Соғыстан әмір күтіп,
Құлақтарын созады зымырандар.
Қалай ғана қайғырып қамықпайық!
Календарьдың кез келген қауіпті айы,
Кемелердің ұшырмақ күлін көкке
Көрінбейтін көздерге балық-қайық.
Бір пәлені бастаса әулекілер,
Бұзығы үшін өзінің елі өкінер.
Сырымызды сығалап көрмек болып,
Шекараны сүзіп жүр «У — 2» лер.
Бейбіт күнге адамбыз ғашық тегіс,
Ақырзаман ауылы қашық деңіз.
Бірақ кейде бұлттанып ашық аспан,
Дөңбекшиді ұйқысы қашып теңіз.





Пікір жазу