27.05.2021
  1301


Үй жануарлары туралы мақал-мәтелдер

Үй жануарлары жайлы мақалдар жинағы


 


Аң, құс, балық аулау қазақ шаруасының көмекші кәсібі, тал негізгі кәсібі – мал өсіру болған. Мал – қазақ шаруасының асы, киімі, көлігі. Сондықтан да қазақ мақал-мәтелдерінің көбісі малмен байланысты туған. "Мал адамның бауыр еті". "Малы бірдің – жаны бір", "Мал ашуы – жан ашуы", "Ағайын – ащы, мал – тұщы", "Малдының беті жарық, малсыздың беті кән шаршық", деп бекер айтылмаған.Казақ малының алды – қой. Қойдың еті мен сүті тамақ, жүні мен терісі киім әрі баспана. Оның үстіне қой – өсімтал. Халқымыз "Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлык – бес саулық" деп, "Қойлы бай – қорлы бай" деп, қой малын дәулеттің алды санаған. Өйткені, "Семіздікті қой ғана көтереді", "Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық", "Қойдың саны мыңға жетсе, керегенің басынан бас кетпейді", "Қой алты күн аштыққа шыдайды" деп текке айтпаған. Міне, бұдан шаруаның күн көрісі үшін қойдың қандай қажетті мал екенін аңғару қиын емес. Қой орман-тоғайы, өзен-көлі кем, қысы қатал, жері шөл, қара отты далалық жерде ыстық-суыққа төзімді, жазы-қысы өз аяғынан жайылатын және құдықтан – қолдан суарылатын, бағып қағуға да көнбіс, үйреншікті, жуас мал. Сондықтан көптеген мақалдарда "Малды бақсаң қойды бақ, май кетпейді шарадан", "Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір", "Қойың болмаса, байлықта ойың болмасын" деп, қой шаруашылығының өнімді, тиімді жақтары жан-жақты бейнеленген. Бірақ қай мал болмасын, өздігінен өсіп-өнбейді, қой малы да сондай. Оның қорасын, өрісін білу керек. Өйткені "Қой өрісі – қорадан", "Қой шөлді болмай, төлді болмайды", "Күн батса койға соқпақ табылады". Қой түлігінің бір түрі – ешкі. Қойға карағанда ешкінің еті аз, жүні кылшықты, терісі жұка болғанмен, көбінесе егізден, үшеулеп туатын төлшіл, сүтті мал. Сонысы үшін халық "Есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да есің жи", "Сойсаң еті қалақтай, саусаң сүті бұлақтай" деп еті аз болғанымен, сүті молдығына назар аударады. Алайда, ешкі – жазда желдеп, қыста ықтай кететін түреген, өреген, ыстық-суыққа шыдамсыз, қойға қарағанда бағым-күтімді көп тілейтін мал. Халық оны сондай "жеңіл мінезіне", шыдамсыздығына қарай "Ешкілі қой өреген", "Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты", "Жаман теке сүзеген" деп мысқылдайды. Телі-тентекті, шыдамсыз-жеңілтекті менмен, мақтаншақты сынағанда да ешкі аты ең алдымен ауызға ілінеді, жағымсыз кейіпкер ретінде де жиі аталады. Ұсақ малдың (қой мен ешкі) осындай шаруашылыкқа қолайлы-қолайсыз жақтарын, бағып-өсіру ерекшеліктерін ескерте келіп, малсақ шаруа өсиет, насихат сөздерінде оны қалай бағу, кімге бақтыру жөнінде де ақыл-кеңестер айтуды ұмытпаған. "Мал өсірсең, өрісін тап", "Қой семізі — қойшыдан", "Тоғышардың ту қойы қысыр қалады", "Қойды қорадан сат, астықты ұрадан сат" дейді шаруа. Қойдан соңғы шаруақолды түлік – сиыр. Сиыр ең алдымен сүтімен, етімен пайдалы. Сондықтан шаруа "Сиырлы бай – сары май", "'Сиырлының үйі айран, сиырсыздың үйі сырдаң", тана пайда бермесе, тәңір пайда бермейді" деп бағалайды. Бірақ малдың бәрі бірдей емес. Бұл түліктің де сапалы, өнімді, өсімтал болуы ең алдымен тұқымына байланысты. Сондықтан "Сиыр алсаң танып ал, танымасаң тарғып ал", "Сиыр мүйіздің күші болмайды, егіз мүйізді сиырдың сүті болмайды" деп ескертеді халық. Сиыр күш, көлік ретінде де пайдалы мал. Сондықтан шаруа "Өгізге "өк" дегізген "өлім", "Өгіз өлген жерінде өкіреді", "Өгіз өлгенше өседі", "Дихан болсаң өгізің болсын" деп, бұл түліктің күшіне үлкен мән береді. Алайда, сиыр өзен жағалаған егінші, отырықшы елге жайлы да жағымды болғанмен жері қыратты, шөбі қара отты көшпелі елге онша тиімді бомаған. Жүріске кем, жүні тықыр сиыр малына ерекше бағым-күтім керек. Ол жазда жайылым талғайды, қыста қолға карайды, оған жылы қора, жиюлы пішен керек, шөлге де шыдамсыз. Оның үстіне сиыр – қыңыр мал, айдауға көнбейді, жөнге жүрмейді. Сондықтан көшпелі ел сиырды аз ұстаған, жақтырмаған. "Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді", "Жамаң сиыр жазда бұзаулайды", "Өгіз мінгеннің өмірі өксиді", "Нәсілі жаман сиырдан өлі бұзау туады" дейтін мақалдар сиыр малына деген сондай көзқарасты көрсетеді. Қайсы бір жайсыз адамдардың жағымсыз мінез-қылықтарын сынағанда да сиырдың ұнамсыз кейіптері алынды. "Соқыр сиыр соқпакшыл, жаман адам тақпақшыл", "Сиыр сипағанды білмейді, жаман сыйлағанды білмейді" деген тіркестер осыған дәлел. Көшпелі қазақ шаруасының сүйікті малы – түйе. Түйенің жүні мен терісі – киім, сүті – сусын, еті – ас. Әсіресе, түйе көш көлігі ретінде бағалы. Ол – сиырдай емес, сирақты мал. Қыста суыққа, жазда ыстыққа төзімді, әсіресе шөлге, аштыққа шыдамды. "Жалғыз баласы өлген жұртта калмайды, жалғыз түйесі өлген жұртта қалады", "Қоңсы ақысын түйе кайтарады", "Бесті бураның күні күркірейді", "Түйелі ел қырға, түйесіз ел Сырға" дейтін мақалдар қазақ еліне түйе малының қандай маңызды қызмет атқарғанын аңғартады. Түйе алпыс күн аштыққа, отыз күн шөлге шыдайды. Осынша шыдамдылығына, қуаттылығына қарамастан, "шөк" десең шөге қалатын, "айт-шу" десең атып тұратын "тіл алғыш", жуас, кайырымды мал, қазақтың бәсіре малы. Сондықтан тек мақал-мәтелде емес, қазақ ауыз әдебиетінің қай түрін қарасақ та түйе малы ерекше ілтипатпен, сүйіспеншілікпен аталады, қасиетті мал ретінде жырланады. Сондай абзал қасиеті үшін де шаруалар "Нар баласы Қырымға", "Нар жолында жүк қалмас", "Ауырды нар көтереді, ауруды ер көтереді" деп мақтайды; "маң-маң басқан, қос өркешін май баскан, төрт аяғын тең баскан", деп алып күш иесі, әрі сабырлы жануар ретінде марапаттайды. Далалық көшпелі елдерде сауда-саттықтың, алыс-берістің, жалпы құрлықтағы жол қатынасының негізгі көлігі болған түйенің "дала кемесі" атануы тегін емес. Алайда халық сыншы, өзінің сүйікті малы түйе түлігінің де кемшіліктеріне кешірім жасамайды. "Жуас түйе жүндеуге жақсы", "Түйе бойына сеніп, жылдан құр калыпты", "Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді", "Жаяғыз түйе бақырауық", деп түйе малының керенаулығын, тым жуастығын жаратпайды, сынайды. "Қайныңнан түйе сұра, қорыққаннан бие берсін", деп көшпелі ел түйені жылқы малынан бағалы санаған. Оның мәнісі, біріншіден, түйе көшпелі елдің үйін, жүгін артатын, бала-шағасы мінетін негізгі күш көлігі болуынан; екіншіден, түйе малының өте жай өсетіндігінен, жылқыға қарағаңда тұқымының аздығынан болса керек. Шаруашылдыққа пайдасы, қажеттігі жағынан да түйе жылқыдан артық болмаса, кем емес. "Көңілі түссе бие, көңілі түспесе түйе" деген мақалда да халықтың осы екі бағалы да байырғы малына берген бағасы мен мінездемесі көрінеді. Жылқы – қазақтың ең сүйікті малы, ол — ең алдымен көлік ретінде, сонан соң сусындық сүтімен, дәмді етімен қымбатты. Жылқы терісі киім (кұлын жарғақ, шоқай етік) болумен бірге, жүген-ноқта, айыл-тартпа, құйысқан-өмілдірік, үзеңгі бау, қанжыға бау, қамшы, шідер, секілді ер-тұрман әбзелдері түгел дерлік жылқы терісінен істелген. Малмен айналысқан, малды малмен баққан қазаққа қажетті бұйымдар да жылқы малының құнын арттыра түскендей, сондықтан да олар "Жылқы – малдың патшасы", "Ат ұстаған азабынан құтылады", "Аттылы ақысын жаяуға жібермес", "Аттының несібі алтау", "Сауын саусаң, бие сау – боз қырау түспей суалмас", "Жігіттің сорлысын – аттың жолдысы теңейді" деп жылқыны, соның ішінде атты аса жоғары бағалаған. Мақал-мәтелдердің көпшілігі және көркемі жылқы малына, оның әртүрлі қадыр-қасиеттерін бейнелеуге арналған. Олай болмауы мүмкін де емес. Көшпелі елдің, мал баққан шаруаның негізгі аяқ артары, қанаты жылқы болған. Аң аулау, мал бағу, ел қорғау ісінде ат-көліктің атқаратын қызметін бағалап жеткізу қиын. Шаруаның жауы қасқыр атынан "Өгізді қойшы – өлген қойшы, жеп болғанда көрген қойшы", "Түйелі қойшы – тұрған қойшы, төбесінен ұрған қойшы", "Аттылы қойшы – ашуы қатты қойшы" деп, жәй айтылмаған. Соғыста жеңіске жеткізетін де, тойда абырой әперетін де – ат. Тарихи қолбасылардың атақ-даңқын шығарған да ат. Сондықтан да Ескендір Зұлқарнайын "ат үстінде жүріп әлемді бағындыруға болады, тек ат үстінде отырып ел басқаруға болмайды" депті. Жылқы малының осындай күшімен бірге естілігін, қасиетін білген белгілі қолбасылар жақсы атты жанға балаған, халық "Ер қанаты ат" деп қадірлеген. Қазақтың батырлық жырларын да жақсы аттар (Тайшұбар, Тайбурыл, Тарлан, Қарақасқа) бейнесі арулардан кем сипатталмайды. Халық мақал-мәтелдерінде жылқы малы жалпылама мақтала бермейді, оның жақсы-жаманы ажыратылып, әрқайсысына дара сын айтылады, баға беріледі. Қазақ халқының сыншылдығы, саяткерлігі, бақылағыштығы, көбінше, осы жылқымен, атпен байланысты мақалдардан айқынырақ көрінеді. Мақал-мәтелдерде жылқы малының сынын, сыр мінезін жіті аңғарумен бірге, "Бәйгіден ат келмейді, бап келеді" деп, оны бабын тауып пайдалана білу жолдары да мегзеледі. "Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме", "Шідерлі ат өз атың, тұсаулы ат – бос атың", "Ай мінбей атынды мақтама" деп ескертеді. Өйткені "жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпайды". Жылқы тектес күш-көліктің бірі – есек. Есек – адамзаттың алғашқы көлігі, жұмыс көлігі, "Пайғамбар мінген" көлік. Алайда, Оңтүстік Қазақстандағы кейбір отырықшы "жатақтар" болмаса, жалпы көшпелі қазақтар "күші адал, сүті арам" осы бір жануарды көлік ретінде де көп пайдаланбаған. Тіпті Батыс, Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстан тұрғындарының көбісі есектің атын естігені болмаса, өзін көрмеген. Жалпы, адамда жалалсыз, жуас көлігін, көмекшісін бағаламайтын парықсыз әдет бар. Содан ба, әлде ат пен түйеге үйренгендіктен бе, әйтеуір, көшпелі қазақ шаруасы есекті көп малданбаған, менсінбеген. Сондықтан болар, осы бір аяқылау арзан көлік туралы мақтау сөздердің орнына, "Есек жорға қатқақта, сыры мәлім батпақта", "Есектің жүгі женіл болса жатаған", "Есек семірсе иесін тебер", "Қарға мақтанып сұңқар болмас, есек мақтанып тұлпар болмас" деген секілді кекетіп, кемсіту басым. Есек сияқты елеусіз, ескерусіз қалған жануардың бірі – ит. Ал, шындығында ит жалпы, жануарлар дүниесінен бөлініп шыққан адамның бірінші досы, қой баққан қазақ шаруасының күндіз көмекшісі, түнде күзетшісі. Сондықтан болар ит жайында айтылатын жағымды мақал-мәтелдер, соның ішінде оның шаруашылықтағы қызметін бейнелейтін сөздер аз емес. "Ит – жеті қазынаның бірі", "Ел жатпай, ит тынбас", "Ит иесін қорғайды", "Ит – үйдің құлағы" деген секілді мақал-мәтелдерде оның малды ұры мен бөріден сақтайтын күзетшілік, аңшылық қызметтері дұрыс бейнеленген. Алайда, осындай көмегін, қолғабысын көтермелеуден гөрі, оны кемітетін мақал-мәтелдер көп. "Итті күшім-күшім десең, аузыңды жалайды", "Қазаннан кақпақ кетсе, иттен ұят кетеді", "Ит атасын танымас", "Ит балалап сауын болмас" деген секілді мақалдар соны көрсетеді. Асыл мал және жабайы жануарлар туралы мақал-мәтелдерде адамға тән жақсылы-жаманды мінез-құлықтар, іс-әрекеттер бейнеленеді, соның ішінде арамдық, пасықтық, залымдық мінез қылықтардың көбісі ит пен есек арқылы берілген десек, әсте асыра айтқандық болмас. Сөйтіп, төрт түлік малдың мақал-мәтелден орын алмағаны жоқ. Көмекші көлігі есек, қора күзетшісі итіне дейін, тіпті "Мысық жоқта тышқан төбеге шығады", "Мысыққа ойын – тышқанға өлім" деп, балалардың жанды ойыншығы және қаптың қарауылы – мысығына дейін халық назарынан қалтарыста қалмаған. Балтабай АДАМБАЕВ





Пікір жазу