26.05.2021
  472


Автор: Гүлтас Құрманбай

Тоғыспаған тағдыр жолы

Көркем Ыбрахым
Ғылым және технология мектебі, 2-курс 



Арман өз ойынан өзі шошынды. Маңдайынан еріксіз шығып кеткен ащы терді қол орамалымен сүртіп, әйнектен далаға көз жүгіртті. Аулада кішікене күшігімен алаңсыз ойнап жүрген көршінің кішкене ұлы Сәкенді көріп жабырқаған көңілі онан сайын кұлазып кеткендей. Жаңа ғана ойлаған ойын кайта есіне түсіріп. «Ойпырмай, Алла тағалаға жазған жерім жоқ еді ғой. Тым болмаса бір жапырақ етті қызганғаны ма? Әкеден жалғыз болған соң жанымда бір тентектің жүргенін калаған сорлы басым мына жалған дүниеден топырақ салар ұрпақсыз өтем бе, қалай?»
Жасы отызға да келіп үлгермеген жас жігіт өлім жайлы ойласа болды жан дүниесі шошып өзін қоярға жер таппайды. Өзімен өзі боп бөлмеде жалғыз отырған Арман өткен өмірінің қызығынан гөрі шыжығы көбірек сәттерін көз алдынан өткізіп, жұмсақ кереуетке қисая кетті.
Арман Данияр мен Қарлығаштың кұдайдан құлшылық қылып жүріп көрген жалғыз ұлы болды. Басқа перзенттері болмағандықтан, тапқан таянғандарының бәрін қос қария осы бір түйір ұлдарына арнады. Айтқанын істеп, еркелетіп бетінен қақпай әлпештеп өсірген әке-шешенің еңбегін еш кетірмей, Арман да ақылына көркі сай жігіт болып өсті.
Оқуды жақсыға бітірген Арман, Астанаға жоғары окуға құжат тапсырғандардың алғашқысы болды. Құжаттарын тапсыра салысымен, емтиханға дейінгі аралықта біраз уақыт барлығын есептеді де, ауылға тартып кетті. Бұрын шеше құшағынан алыстап көрмеген соң, анасының иісін сағынып алып-ұшып келеді. Автобус аялдамасы үй жанында болғандықтан, баласының түсіп жатқанын сонадайдан көріп, шешесі байғұс мейір-шапағатқа толы сөздерін жаудырып бұған қарай жүгіріп келеді. Екі апта екі жылдай болған ана көзіне жас алып жылап та қояды. Шіркін десеңші, ана құшағынан ыстық, ана кұшағынан керемет не бар екен дүниеде? Айнала қоршаған адамдардың бар

екенін бір сәтке ұмытқандай аналы-балалы екеуі құшақтасып көпке дейін сағьшыштарын баса алмай біраз тұрды. Арманның келгенін Қарлығаштың жүгіргенінен сезіп соңынан ілесе жеткен Үмітай жеңгесі де: – Ойпырмо-о-й, апатай-ау, еңгезердей студент баланы соншама кұшақтағаның не? Бәріміз де
«поздравит» етейік те ,– деп кеу-кеулеп кояды.
Әке жүрегі ұлын сағынып кұшаққа тартқысы келгенімен, қолынан алған баласына жәй ғана мейірлене қараудан артыққа бара алмады. Жігіт болып қалған ұлын сырт көзге ұялтпайын деді ме, әлде сағынышын жасыра алмай қалам деп қорықты ма, бұрылып үйге кіріп кетті.
Сол күні Арман әлі оқуға түспесе де Данияр бір қойын сойып айналасындағы жақын-жуық көршілерін түгел шақырып, баласына үлкендердің ақ батасын алды. Жалғыз ұлының Астанаға барып адам болып, ел көріп, жер көріп келгеніне мақтанғандай Қарлығаш та қою қара шайды терлеп-тепшіп ішіп абысын-ажындарына пандана қарап қояды.
Ауыл үлкендері кеткен соң, онсыз да мектепті бітіргелі ауылда зерігіп қалған Арманның сыныптас достары бас салды. Түннің бір уақытына дейін тарқамаған жастарды анасының өзі келіп:
– Қарақтарым, Арманжан әлі ауылда он-он бес күн болады ғой, бүтін өзі
катты шаршады, енді тарқай қойыңдар,– деп, шығарып салды. Содан соң үйлерінің ол жақ,бұл жағын жиыстырып, жатар орындарын дайындады. Бес бөлмелі үйлері болғанымен Арман әке-шешесінен бөлек жатуға әдеттенбеген. Өзін бір иіскемесе ұйықтамайтын анасының көңіліне қарап басқа бөлмеге жатам деп айтуға ыңғайсызданатын.
Уақыт тым кеш болып кетсе де, Қарлығаш пен Арман оны- мұны айтып көпке дейін көз ілмеді. Арасында әкесінің қорылдағанына күлісіп, мазақтап қояды.
Ертесіне ертерек оянып кеткен Арман өзінің калай ерте тұрғанына
таңданып әрі-бері дөңбекшіп жатса да, ұйқысы келмеген соң қайта тұрды. Апасының жоқ екенін көріп төсегін ұстап көріп еді, мұздап қалыпты, ертерек оянған болса керек. Киініп, тысқа шығып қора жаққа беттеді. Анасының ерте тұрып сиыр сауып,

таңертен әкесі екеуіне ыстық сүт беретін әдетін сағынған Арманның асқазаны шұрылдап кетті. Қораға жақындай бере ыңырсыған дауыс естігендей болды. Жүгіре басып қораға жетті. Қораның бір бұрышында бүрісіп ыңыранып жатқан шешесін көріп көзі атыздай боп қорқып кетті. Не істерін білмей көтеріп алып үйге келді. Ана бөлмеде жайбарақат теледидар қарап отырған Данияр кемпірінің жанұшырған даусын естіп: – Ойбай- ау, кемпір-ау, мұның не аяқ астынан? – деп зарлап қоя берді. Арман ауыл дәрігеріне жүгірді. Қайтып келсе, шешесі ойбайын бұрынғыдан да үдете түскен, қолды-аяқта тұрмай еңіреп жатыр.
– Түнімен ішім сыздап ауырып жата алмадым, таңертең бір бүйірім тіпті
бас көтертпей жатыр екен. Арманжанды оятайын деп едім, түнде кеш ұйықтаған соң, шаршаған шығар дедім. Сиыр сауып олай- бұлай жүрсем тарқар десем, жанымды шығарып, қоятын түрі жоқ, ойбай-ай, – деп, шыж-быж болып, жағдайын қинала айтып жатқан анасын көріп Арманның үрейі онан сайын ұшты. Сөйтіп не істерге білмей, үрпиісіп тұрғанда ауыл дәрігері Ақан да жетіп келді. Тексеріп көрді де: – Ауданға алып кетпесе болмас, соқыр ішек жарылып кетсе, өте қауіпті. Түнде сәл ауырғанын айтқанда ғой, – деп басын шайқады. Оны естіп онсыз да есі шығып тұрған Данияр мен Арман дәрігерге бір, Қарлығашқа бір қарап жүректері қобалжып жандарын қоярға жер таппағандай күйде.
Сонымен Ақан дәрігер машинасымен Қарлығашты ауданға алып кетті. Арман да бірге барды. Аудан емханасы қаланың бір шетінде, ауылдың өзі бір жарым сағаттық жол. Шешесі бүк түсіп жаттыр, арасында ыңырсып қояды. Әлде тарқайын деді ме екен деп, Арман ішінен үміттеніп те отырған. Ақыры жетті-ау, әйтеуір. Расында да, Арман үшін емханаға жету жердің түбіне барудан да қиын болды. Келген бойда Қарлығашты жүгіре баскан ақ халаттылар операция үстеліне шығарып алып кетті. Ақан дәрігер де солардың соңынан ерді. Арман дағдарған күйі жалғыз қалды. Операция төрт-бес сағатқа созылды. Бір кезде хирург пен Ақан да көрінді. Бастары салбырап кеткен. Арман бірдеңені сезгендей жүрегі аттай тулап, қабағы тартып кетті.
– Арманжан, бекем бол! Қарлығаш ападан айырылып қалдық.

Операцияны жүрегі көтере алмады, – деп кібіртіктеп тұрған Ақан да, арқасынан қағып жұбатып жатқан хирург те көзіне бұлдырай көрініп бастырылып жатқандай күйде тұрған Арман өзін ұстай алмай жерге сылқ етіп отыра кетті.
Кеше ғана «құлыным» деп басынан сипап айналып- толғанып құшақтаған анасы, түнде ғана көзі ұйқыға кеткенше мейірінің бәрін үйіп-төгіп жанында отырған анасы жоқ дегенге қалай илансын. Кішкентайынан жанынан бір елі тастамай, махаббаты мен шапағатын бір өзіне ғана арнаған анасы тастап кетті дегенге қалай сенсін. Өмірінде жылау дегеннің не екенін білмей келген Арманның жанарының жасы дария болып ағып жатты.
Арадан екі күн өтіп Қарлығашты ақтық сапарға аттандырып қайтқан ауыл адамдарының аянышқа толы көздері Арманға ғана қадалып «байғұс-ай»деп тұрғандай. Өң мен түстің ортасында жүргендей халдегі Арман не істеп, не қойғанын да білмейді, даладағы қара құрым халықпен де ісі болмай, бір бөлмеге кіріп ап жер бауырлап жатты да қойды. Не сенерін, не сенбесін білмей дел-сал боп жүргенде арадан он бес күн өте шықты. Емтихан уақыты жақындады. Қайтсем де оқуға түсем деген арманы, Астанаға алып ұшқан жүрегі су сепкендей басылды. Тіпті оқуға баруға аяғы да тартпады.
Күн артынан күн, ай артынан ай жылжып апасының дүниеден озғанына жүз күн толған соң, үйге келіп кетіп жатқан кісі аяғы басылғаннан кейін жан-жағын қаумалаған ағайын-туыс Арманға «үйленбесең болмайды» дегендей ой тастап кетті. Бұл жайлы ойына келмегенмен, Арман әкесі екеуінің ғана қалғанын ойласа болды көңілі құлазып, есіне анасы түсіп екі көзі жасаурап шыға келетін. Оның үстіне қырық жылдан астам уақыт отасып, тағдырдың қызығы мен шыжығын қатар көрген кемпірінің аяқ астынан тастап кеткені әкесінің жанына қатты батып, жүрегі сыр беріп жүрген сыңайлы. Кілемнің бір шетінде ілулі тұрған апасының портретіне қарап, онын бұл жалған дүниемен қоштасып кеткенін жаңа білгендей кеудесін кере күрсінген Арман ішінен «қош бол, апашым» деп күбірлеп түрғанын өзі де байқамай қалды.

Сөйтіп жүргенде қыстың бораны сейіліп көктем келгенін сездіргендей қар еріп, күн жылына бастады. Тірі адам тірлігін жасайды дегендей, күн жылынған сайын бұрынғы салған ойларының ұшын аға-жеңгелері қайта шығарды. Ол жайлы Арманның өзі де соңғы кезде көп ойланып жүрген. Өйткені, анасы кеткен соң көрші келіншек пен Үмітай жеңгесі сиырын сауысып, тамағын істеп беріп жүргендерімен, олардың да өз отбасы, бала-шағасы бар дегендей, үйлерін тастап бұларға қызмет көрсетіп жүргеніне қатты ыңғайсызданатын. Барлық жағдайды жан-жақты ойластырған Арман үйленуді жөн көрді. Енді өзі білетін ауыл қыздарының ішінен болашақ жарын іштей іздестіре бастады.
Әсем қараторының сүйкімдісі. Қазіргінің қыздарындай қоқаң-соқаңмен ісі жоқ, жарымжандылау анасының көңіліне қарап ешқайда шыға қоймайтын. Сабақты өте жақсы оқығанымен қолдың қысқалығынан оқуға да бармай қалды. Әсем мен шешесі Қарлығаш (оның да есімі солай) ауыл шетіндегі екі бөлмелі шағын шатырсыз үйде тұратын. Үйлі-жайлы болған екі ағасы «өз күндерін көру» үшін қалаға көшіп кеткен. Шешесінің жалғыз сүйеніші болып отырған Әсем бұған келісім бере ме, жоқ па ол жағын ойлап жатпастан Арман баруға бел буды. Сол күні Әсеммен сөйлесу үшін жанына Қасымды ертіп алды да, ауылдың шетіне қарай аяңдады. Ішінен көңілімді қайтарып тастай ма деп те күдіктеніп қояды. Сөйтіп келе жатып қыздың үйіне қалай жеткенін де сезбей қалды. Өзі тыста қалып Қасымды Әсемге жіберді. Арадан көп уақыт өтпей-ақ Қасым, соңынан Әсем көрінді. Қасымның еркінсіп жүргені Қарлығаш апай Қасымның әкесіне қарындас болып келетін, Әсемді жиенім деп жақын тұтушы еді.
Күлімсірей Арманға жақындаған Әсем:
– Сәлем Арман, халің қалай?– деп сыпайы амандасты. Мектепте бірге
өткізген балалық шақтарын еске алып біраз тұрған соң, Қасым екеуін жалғыз қалдырайын деді ме, сылтау айтын кетіп қалды.
Бірнеше минутқа созылған үнсіздіктен соң, тамағын бір кернеп алып Арман сөз бастады:

– Әсем, есіңде ме, мен саған хат жазған едім ғой?– деп қалды да, аузына жөні түзу сөз түспегеніне қысылып қалды.
– Иә Арман, есімде. Есімде, бір рет хат жаздың да, хабарсыз кеттің. Мен
сені олай деп ойламаған едім, – деп ағынан жарылған Әсем бар ойын ақтарып салды.
Ал,саған керек болса, енді бұған не дерсің? Бәтеңкесімен жер шұқыған Арман не дерін білмей біраз түрды. Не десін? Оқуға баратын болған соң «қызы құрсын» дедім дей ме? Әрең дегенде бір сөз шықты-ау әйтеуір: Мен... арадан көп уақыт өткенін білем, сен де мені түсінерсің деп ойлаймын, менің жағдайымды.
«Байтал түгіл бас кайғы» дегендей..., – деп, тілін тістеп қалды. Қап құдай-ай, әкесінің көп қолданатын осы бір сөзі қайдан аузына түсе қалды? Қыз енді ашуланатын болды. Ашуланбағанда ше, біреу сені байталға теңеп тұрса және ол сөз салып келіп тұрған жігіт болса.
Әсем жігіт сөзіне мән бермеді ме, әлде көңіліне алса да білдіргісі келмеді ме, үндемеді. Екі жастың өзара әңгімесі екі-үш сағатқа созылды. Соңы келісіммен біткендей болды.
Иә-ә, дәл сол жылы, шешесінің жылы өтісімен Арман Әсемді үйіне алып келді. Бұл күні Даниярдың қуанышында шек болмады. Біресе күледі, біресе жылайды. Бұлардың тойларына ағайын-туыс, ауыл-аймақ түгел тілеулес болып еді... Сол бір күндер Арманның ең бақытты күндері екен-ау.
Осы тойдан соң араға төрт-бес ай салып әкесі де кемпіріне ілесіп кете барды. Енді ғана бой тіктеп, ес жинағандай болған Арман тағдырдың бұл сынына да төзіп бақты. Қиналғанын сездірмейін десе де, кейде ата-анасының бірге жүрген құрдастарын көргенде көңілі жабырқап, марқұм әке-шешесінің аруағымен тілдесетін: – Неге ғана осы маған Арман деп есім бердіңдер, а? Әлде өмір бойы қызығын көре алмай армандап өтейік дедіңдер ме? Неге ғана Бақытжан деп қоймадыңдар, неге Қуаныш деп, Жайнарбек деп атамадыңдар? Тіпті болмаса Ермек демедіңдер, неге?
Арман осы болып жатқан қайғының бәріне өзінің атың кінәлі деп есептейтін. Өз есімін өзі жек көретін.
Әкесі дүниеден өткен соң отбасы ауыртпалығының барлығы Ар- ман мен Әсемнің мойнына түскен болатын. Алдағы өмірді

жаңаша бастаймын деген ниетпен, Әсемнің анасын үлкен ұлының қолына апарды да өздері де ауылдағы үйді сатып, қалаға көшіп келді. Міне, содан бері де бес жылдан асып, алтыншы жылға қадам басыпты. Өзі де, Әсем де жұмысқа тұрып жақсы жайласып кетті. Ештеңеге алаңдайтын жайы жоқ, тек бір ғана арманы алты жылдан бері перзентті бола алмағандығы еді. Жаңағы көршісінің ұлын көріп көңілі бұзылып тұрғаны да сол үшін.
Бүгін демалыс болатын. Заводтың жұмысы аса қиын болмаса да демалыс сайын өзгелер секілді көшеге шығып қыдыруды әдет қылмаған. Одан теледидар қарап үйде отыруды мақұл көретін. Мұнысы Әсемге ұнамайды. Әйел емес пе? Шешесінің үйіне барып, көшеге күйеуімен қолтықтасып шыққысы келеді. Сол үшін жанжалдасып та қалады. Бірақ, Арманды өзгерте алмайды. Өзі үйдің жанындағы мектепке вахтер болып орналасқан еді.
Өз ойымен өзі болып отырғанда Әсем де жұмыстан келді.
– Уһ, шаршап кеттім. Әлі үйде отырмысың? Ішің жарылып кетпей ма,
осы? Неге көшеге шығып апамдардікіне барып қайтпайсың? Үнемі сені келмейді деп өкпе айтады. Түрлі сылтау айтып құтылам, – деп сұрағы мен өкпесі аралас сөздерін жаудырды-ай келіп. Арман үндемеді. Үндемеген күйі асханаға барып тамақтанды.
– Немене, томсырайьш отырсың? Білем, тағы да сол бала ойлап отырғаның. Егер бала тумады деп кінәлай беретін болсаң ажырасайық. Жетер енді осылай өмір сүргенім. Қашан қарасаң үн-түнсіз томсырайып отырғаның. Не адамға ұқсап әңгіме айтпаймыз, не қол ұстасып бірге жүрмейміз. Тек қана жұмыстан өзге қызық та қалмады өзі. Жоқ әлде, әлде... Әсем жылауға шақ қалып тұр. Не дейтіні белгілі, өзге біреуің бар ма демекші ғой.
– Ау, неге үндемейсің? Мына үнсіздігіңнен маңдайымнан ұрғаның жақсы
ғой,– деп, тағы бірдеңелерді айтып жатыр еді.
– Әй, қоясың ба, жоқ па? Мен не істедім саған, а? Атаң демесем, анаң

демесем, ұрмасам, соқпасам, неге сонша кеп бажылдайсың? Әй- й...., – деді де, киініп шығып кетті.
Үй жанындағы сыраханаға барып екі-үш бөтелкесін босатты. Ойлап қараса Әсемдікі де дұрыс. Айып екуінде бірдей, үміт бар деген дәрігер сөзіне иланса, аз шыдаса, балалы болуы да сөзсіз ғой. Неге өзін-өзі кері тарта береді? Әсемді тек әйелі ретінде сыйлайтындығы болмаса, шын жүрегімен сүймейтіндігіне анық көзі жеткендей. Ойы онға, қиялы қырыққа бөлініп үйіне сүйретіліп әрең жетті. Келді де диванға шешінбеген күйі құлай кетті. Ертең жұмыс күні, ерте тұруы тиіс.
Таңертең әдеттегіден де ертерек тұрып жуынып, киінді де нәр татпастан шығып кетті. Әсем жұмыс орны жақын болғандықтан кешірек оянатын. Арман үйден шығып, аялдамаға жақындағанда алдында кетіп бара жатқан қызға көзі түсті. Студент болса керек. Ерте бара жатқанына қарағанда көрші қалада оқитын сыңайлы. Үстіне бар мүсінін көрсетіп қойғысы келгендей жүқа ақ кофта мен ақшыл түсті шалбар киіпті. Әлгі қызды тамашалап келе жатып аялдамаға қалай жеткенін де сезбей қалыпты. Бір қызығы жаңағы әдемі қыз да осының жұмысына баратын автобусқа мініп жатыр. Қыз жанындағы бос орынды көрді де, ештеңеге қарап жатпастан қасына барып отырды. Бұрын-соңды көрмеген жан болған соң сәлемдесудің де ретін тап-пады. Ал қыз болса автобус терезесінен жазық далаға қарап үнсіз отыр. Арман істейтін зауыт қалаға жарым сағаттық жол. Барам дегенше біраз уақыт бар, танысып әңгімелессе жол қысқарар ма еді. Арман қазір жиырма төрттен жиырма беске аяқ басты. Басынан біраз оқиғалар өтті, әйелі бар демесең нағыз жігіттің жалындап тұрған шағы емес пе? Оның үстіне келіскен келбеті, қою қара қасы мен күлім көзі, қыр мұрыны мен шекелете қайырған қап-қара шашы да қандай қызды болмасын бір қаратпай қоймайды.
– Сағат қанша болды екен айтпайсыз ба?
– Сағат алтыдан жиырма кетті. Заводқа дейін қанша уакыт жүреміз, өзі?–деп сұрақ бере жауап қатты қыз.
Бұл Арманға өте қолайлы болды. Қуанғаннан күлгісі келді. Білдірмейін дегендей қолымен аузын бір сүртіп алып.

– Қала мен заводтың арасы жарты сағаттық жол. Барған соң нарядты
қабылдаймын дегенше он-он бес минут кетеді, сонымен ровно сағат жетіде жұмысты бастап жібереміз,– деп қызға қарап жымиды.
– А-а,-деп үнін сәл созып алды да, ал, сіз қайсы цехта істейсіз Арман қалжыңдағандай «нөмірі екінші цехтың белгілі жұмысшыларының бірі – Арман Данияров,– деп қолын ұсынды .
– Ал мен жұмысқа енді ғана тұрдым. Жолдама алғаныма үш апта болса да, медкөріктен өтуім көпке созылып кетті. Есімім – Алтынай.
- Мектепті бітірген бойда жұмыс істеуді жөн көрдіңіз бе? Неге оқуға
бармадыңыз? Сұрарын сұраса да өзі ыңғайсызданып қалды. Енді танысып отырған адамға соншама нығарлап сұрақ бергені несі, ұят-ай.
– Иә-ә,– деп,басын изеп Алтынай қайтадан терезеге қарап ойланып
қалды.
– Алтынай, сұрақтың астына алғаныма кешір. Сен дей берсем болатын
шығар? Танысқаныма өте қуаныштымын,– деп өз қылығын жуып-шайды.
– Арман аға, білесіз бе, енді бірге жұмыс істейді екенбіз. Мені де екінші
цехқа жіберді. Мен енді сізге әріптес боламын,–деп күлімсірей қарады. Күлімсірегені өзіне қандай жарасады. Мұндай әдемі қызды бұрын қалай көрмеген деп іштей ойланып кеткен Арманның есіне кенеттен әйелі бар екені түсіп кетті. Манадан өзін еркін ұстап отырған жігіт енді қипақтаңқырап қалды. Автобус завод аялдамасына келіп тоқтағанда, Арман әлі ой үстінде еді.
– Оу, аға түспейсіз ба? – деген қыздың дауысынан селк ете қалды да,
– А? Иә, иә түсем ғой, – деп өз қылығына қысылып автобустан түсті.

Сол күннен бастап Алтынай Арманмен бірге жүмыс істей бастады. Сол күннен бастап Арманның күңгірт күздей бір қалыпты қарапайым өмірі шуақты жаздай жадырады. Екі күн істеп екі күн дем алатын Арман жұмыс күнін асыға күтетін болды. Онсыз да аралары суысып кеткендей болып жүрген Әсем бейнесі жүрегінен мүлдем алыстап кеткендей.
Бүгін ерте тұрып, аялдамаға бұрынғыдан да ертерек келді. Көктемнің соңы болғандықтан, таң ерте ағарып, көшеде жұмыска шыққан жандар қыстағыға қарағанда көбірек. Аялдамада бес-алты кісінін сұлбасы көрінді. Арасынан Алтынай көріне ме деп қарап еді, көре алмады. Әлі келмеген болса керек. Алтынайдың келуін тағатсыздана күтті. Неге екенін өзі де білмейді, осы кезде Алтынайды көру Арман үшін үлкен бір бақыт тәрізді. "Сәлем", – деп күлімдеп келе жатқан Алтынай ертегілердегі перінің кыздарындай болып көрінді.
Алтынайға сүйсіне қарап тұрып: «Мені құдай ұрьшты. Мен осы ғашық боп қалғаннан саумын ба?"– деп, өзіне-өзі күбірледі.
Арманның тесіле қарағанына ыңғайсызданған Алтынай не істерін білмей қол сөмкесін жерге түсіріп алды. Арман оның қысылғанын сезіп, өз бойын тез жинап ала қойды. Оны-мұны айтып, біраз тұрған соң автобустары да келіп, Арман мен Алтынай күндегі орындарына жайғасты.
Жұмысқа келген соң да Арман ой үстінде жүрді. Жұмысы да жүрмей, есіне Алтынай, одан соң Әсем түсіп дегбірі қашып, түрлі ойлар келіп мазасы кете берді. Алтынайды ойламайын деп қанша ұмтылғанымен сезімі еркін билеп алды. Алтынайға бар шындықты жайып салғысы келді. Өйткені осылай қиналып жүргенде арадан екі ай зулап өте шыққан еді. Қашанғы жасырмақ сырын, әйелі бар екенін бәрібір біліп алады ғой. Арман бір шешімге келгендей болды. Әйелі бар екенін әзірше айтпай тұруды жөн көрді. Алтынайдан айырылып қалам ба деп қорықты. Әсем бәрін түсінер, ажырасатынымыз жанына батса да түсіністікпен қарар деген оймен Алтынайға өз көңілін білдірмекші болды.
Үзіліс уақытында екеуі асханаға барды. Екеуінің бірге жүруі өзге жұмысшылардың көңілдерінде сезік ұялатуы мүмкін екені Арманның ойына кіріп те шықпады. Түстеніп қайтқан соң, Арман

Алтынайдың жанына барып жәйлап қолынан ұстады. Қыз қолын тартып еді, жібермеді.
– Жібермеймін, Алтынай, қолыңды. Жібергім келмейді. Өле- өлгенімше
осы қолдардың жылуын сезініп өтсем деймін. Өзіңді көрген күннен ауру болдым мен, сенесің бе? Сені ойлаумен таңым атып, күнім батты. Түсіне аласың ба?
Арман ағынан жарылды. Жүрегіңдегі ешқашан айтылмай кетер ме деген ғашықтық сөздері өзіне де белгісіз бір толқумен қызға жетіп жатты. Не дер екен, меселімді қайтармас па дегендей Алтынайға үмітті көздермен жалбарына қарады.
- Арман аға, сіз мен жөнінде ештеңе білмейсіз ғой. Есіңізде ме, мені
алғаш көрген сәтте неге мектепті бітірген бойда оқуға бармай жұмысқа тұрдың деп сұрағаныңыз. Сол сұрағыңызға енді жауап берейін. Менің жасым жиырма үште. Денемнің кішкенелігіне қарап жұрттың бәрі мені жас қыз деп ойлайды. Мектепті бітірген соң өзім туған қаладағы техникалық білім орталығына құжат тапсырып емтиханнан да жақсы өтіп студент болдым. Әке- шешемнің де, өзімнің де қуанышымда шек жоқ. Емтиханнан жақсы өткенімізді атап өту үшін жолдастарымызбен барып мейрамханаға тапсырыс бердік. Кеш өте көңілді өтіп жатқан. Жанымдағы бірге барған құрбым әрі көрші қызым Нәзира мазам болмай отыр кетем деп болмаған соң жалғыз жіберудің ретін таппай ере шықтым. Ойымда ештеңе жоқ әрнені айтып күліп келе жатқам. Жанымызға келіп жеңіл көлік тоқтады да ішінен бес-алты жігіт шығып бізді машинаға қарай сүйрей жөнелді. Араларынан танып қалғаным Нәзираның үйіне келгіштеп жүретін нағашы ағасы Естай. Нәзираға карап бар бәленің содан келгенін сездім. Әй-шайға қарамай, еңгезердей алты жігіт алып ұрып машинаға тықты. Жылап жалынып жатырмын, қорқытып жатырмын, тыңдайтын түрлері жоқ. Сөйтіп мені Естайдың үйіне алып келді. Бар мұң-зарымды төгіп үлкендерге де түсіндіріп жатырмын. Олар да түсінбейді. Қойшы сонымен, соңымнан келген аға-жеңгелерім де: «Қайтып келген қыз жаман» деген қарағым, орынды жер, жақсы адамдар, оқытамыз деп отыр, бізді жерге қаратпа– деп, ақылдарын айтты да тастап кете барды. Ақ

желектің астында ойламаған жерден келін атанып мен қала бердім. Келіндік салтына да өзге үй, жат адамдарға да ептеп үйренісе бастадым. Алайда, сүймеген жанмен бірге болу мен үшін қиынның қиыны болды. Әке-шешем әр келген сайын жылап қарсы алып, жылап шығарып салатынмын. Ал олар болса бар білген ақылдарын айтып жұбатып кететін. Сөйтіп жүргенде аяғым ауыр екенін сездім. Бір жағынан қуансам, бір жағынан ренждім. Қуанғаным – балалы болсақ, Естайды жақсы көріп қалатын шығармын деп ойладым. Ал ренжігенім –басталуына аз уақьгг қана қалған оқуымның жайы не болатынын уайымдадым. Қиналып жүріп оқуымнан да қалмадым. Ата-енем де жағдайымды түсініп асты-үстіме түсумен жүрді. Арадан айлар өтіп дүниеге ұл алып келдім. Жүректері жарыла қуанып жүрген атам мен енем немерелерінің есімін Қуаныш деп қойды. Естай көп ішетін. Ұлды болдым деп ішуін одан сайын үдетті. Сол ішуі түбіне жетті. Арақ ішіп жүріп таяққа жығылып, бес ай емханада жатып қайтыс болды. Онда ұлымыз бір жарым жаста болатын. Сүймеген болсам да үш жылдай бірге жасаған күйеуім, баламның әкесі ғой деп, қаралы әйелдің салтын жасап жылап- сықтап жүріп Естайдың жылын өткердім. Содан соң ата-енем менің жас екенімді ойлады ма, ризашылықтарын білдіріп, өздері үлкен ұлдарының қолына көшіп кетті. Оқуымды бітірген соң мамандығым бойынша жұмыс табылмай бір шағын кафеге даяшы болып орналастым. Табысым мен балама алатын зейнетақы ішіп-жеуімізге артығымен жетпесе де, ел қатарлы күн көріп жүрдік. Біз түрған үй абысынымның атында болатын, қайынағамның басына іс түсіп жағдайлары болмай үйді сататынын айтып ескертті. Мен не айтайын, баламды құшақтап бұл да маған Құдайдың көрсеткелі түрған бір сыны шығар деп, әке-шешемдікіне бардым.
Ата-анам үлкен ағаммен бірге тұратын. Әке-шешем, аға- жеңгем, олардың үш баласы және оның үстіне біз келіп қосылдық, барлығымыз ұядай үш бөлмелі пәтерде тұрып жаттық. Үш-төрт ай сонда тұрдым да, ағамның көмегімен осы жұмысқа тұрдым. Одан Қуанышымды балалар бақшасына беріп, бөлек пәтер жалдап шықтық. Сөйтіп жасап жатқан жайым бар Арман

аға, ал сіз мені мектепті жаңа бітірген жас кыз деп ойлайсыз, – деп Алтынай жымия көз тастады.
Манадан Алтынайды тыңдап үнсіз отырған Арман орнынан қозғалып Алтынайдың жанына жақынырак отырды да: – Алтынай, ал сен мен жайында не ойлайсың, а?
– Сіз менен бірер жас үлкен болсаңыз керек. Бірақ, мені жас қыз деп
ойлап сөз салғаныңызға қарағанда, әлі өмірдің ащы-тұщысын көрмеген, сұр бойдақсыз-ау деп шамалап отырмын. Арман мырс етіп күлді де онысына өзі ұялып қалды.
– Бірер жас үлкен екенімді дұрыс айттың, бірақ, өмірдің ащы- тұщысын
көрмеген бойдақ дегеніңіз жаныма жағып кетті. Өйткені, дәл солай болуын қалар едім. Өкінішке орай олай емес. Оқуды бітіріп жоғары оқу орнына құжат тапсырып келген күні ойламаған жерден анамнан айырылып қалдым. Соқырішегі жарылып кетіп, уақытында емханаға жеткізе алмай қалдық. Содан кейін, әкем екеуміздің жайымызды ойлап өзіммен бірге оқыған бір қызды ала салдым. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады дегендей, араға төрт-бес ай салып, шешемнің соңынан әкемді де жөнелттім, жүрек талмасынан. Қазір әйеліммен бірге осы қалада тұрып жатырмын. Отасқанымызға алты жылдың жүзі болса да әлі перзент көрмедік, ал, Алтынай қарындас, өмірдің ащы-тұщысын көрмеген бойдақ жігіттің өмірі қалай екен,– деп Алтынайға қарап еді, аңырап отырған сүйкімді еріндеріне көзі түсті. Әуестене құмартып сүйіп алар ма еді, Алтынайдың сұрағы тоқтатты.
– Қазір әйеліңіз қайда?
Қиял құшағында отырған Арман басын жедел көтеріп есін жиып алды.
– Үйдің жанынадағы мектепке вахтер болып істейді. Есімі – Әсем.
Құдайдай шынымды айтайын, Алтынай, мен оны сүймеймін, рас әйелім ретінде жақсы көрем, бірақ сүймегенмін. Махаббаттың не екенін сені көрген соң сезінгендеймін. Мен саған ғашық болын қалдым, сенесің бе, Алтынай, сені көргелі ауру болдым. Жатсам да тұрсам да ойлағаным сен. Әсем мені түсінеді. Ол жақсы әйел.

Мен онымен ажырасам, Алтынай, менімен бірге болуға уәдеңді беремісің?– деп өзін ұстай алмай Алтынайды құшақтап сүйе бастады. Жүректері лүпілдей соққан екеуі өзгенің бәрін ұмытып, аймаласа берді. Бір кезде Алтынай Арманды тоқтатып, жан- жағына алаңдап ешкім жоқ па дегендей қарап алды да, оқыстан сұрақ тастады.
– Арман, Әсем ше? Әсем не болмақ? Сен сүймесең, мүмкін, ол сені сүйетін шығар. Оның да жүрегі бар емес пе? Қалай ғана өзіміздің жүрегімізді ойлап, өзгенің жүрегін ауыртамыз. Алты жылдан соң, мен сені сүймеймін, басқаны сүйемін деп қалай айтасың, а? Ажырасам десең де қарсы болуы мүмкін ғой.
– Алтынай, мен онымен бүгін-ақ сөйлесемін. Ол бәрін түсінуі тиіс. Сен
уайымдама, жаным, мен оған бәрін түсіндірем,– деп ағынан жарылып шынын айтты.
Сөйтіп бүгін жұмыстан бір шешімге келгендей үйлеріне кайтты. Арман Алтынайды шығарып салып үйге кеш оралды. Тамақты қайта-қайта жылытып, Арманды асыға күтіп жүрген Әсемнің жүрегі қобалжулы. Сағатқа оқтын-оқтын қарап дегбірсізденіп жүр. Есік қоңырауы басылғанда сасқалақтап қолындағы шәйнегін төгіп ала жаздады.Өзін-өзі зорға ұстап есікті ашты.
– Келдің бе? Кешіктің ғой, дастарқан жазғаныма екі сағат бол- ды,– деп
ренішін білдірді. Арман үндеместен ішке кіріп,жуынып- шайынды да, тамаққа отырды.Тамақтанып болған соң Әсемге әңгімені қалай бастарын білмей балконға шығып үйге қайта кірді. Әсем бал-бұл жанған қуанышты көңіл күйін жасыра алмай Арманға жақындады. Бұрын мұндай қылығын көрмеген Арман : “Не болып қалды? – деп сезіктене қарады.
– Арман, мен өзім де сезіп жүрген едім. Бірақ, бүгін анығын білмеген соң... дегенде Арманның жүрегі су ете қалды.
– Анығына жетейін деп, бүгін дәрігерге барсам,”ішіңде бір айлық бала бар” деді. Қуанғанымнан айғайлап жібере жаздадым.
Арман не қуанғаны, не қапа болғаны белгісіз дел сал күйде сылқ етіп отыра кетті. Күйеуінің бұл қылығын куанғаны деп түсінген Әсем Арманды құшақтап алды.

– Арман біз балалы боламыз, ата-ана боламыз. Перзентіміз болады,–деп жылап жіберді. Арман да әсемді құшақтап аңырап отыр.
Ертең түнгі кезекке шығады. Алтынайға не айтады. Кешегі сөзі анау, бүгінгісі мынау деп ренжитін болды- ау.
Жұмысқа барған бойда Алтынайға Арман болған жайды баяндап берді. Ішкі жан дүниесінің арпалысын сездірмеген кейіппен Алтынай : – Құттықтаймын, Арман аға! Енді маған аға болып қалатын болдыңыз. Бақыт тілеймін,– деді де, теріс айналып кетті. Арман үнсіз калды...
Сол күні Арман бастығының алдына барып басқа цехқа ауыстыру туралы өтініш жазып қалдырып кетті. Күндер зулап өте берді. Алтынай екеуі кездесіп қалса бас шұлғып амандасудан әріге бармай өздерін бейтаныс адамдарша ұстауға тырысты. Әсемнің де босанатын уақыты жақындады. Бұл күндері Арман Әсемнің бар жағдайын жасап,Әсем де жарының қас-қабағын бағып өзге отбасылар сияқты бір қалыпты күн кешуде. Алайда Арманның жүрегінен Алтынай қалдырған із кете қоймады.
Бірде жұмыстан қайтып келе жатып Алтынайдың да автобусқа мініп жатқаньш көрді. Алтынай да мұны көріп сәлемдескен болды. Автобустан түскен соң да көздері Алтынайды іздеумен болды. Бір қараса Алтынайдың соңынан ілесіп келеді. Мұны байқаған Алтынай үйіне жақындағанда артына бұрылып, сәл кідірді. Арманды күтіп тұрған сыңайлы.Үнсіз ұғысқан екеуі үйге кірді. Алтынай ас үйге кіріп шай қойды. Әңгімелесіп біраз отырған соң, Алтынай Қуанышты балалар бақшасынан алатынын айтқан соң Арман қайтуға беттеді. Екеуі қимастықпен қоштасты.
Үйге келсе Әсемді толғақ қысып шыдай алмай жүр екен. Арман не істерін білмей, көрші үйдегі келіншекті, одан жедел жәрдем шақырып әбігерге түсті. Емханаға жеткен бойда-ақ Әсемді босануға дайындап алып кетті. Әйелі босанғанша тапжылмастан емхана алдында тұрған оған біреулер күле қарайды. Олармен мұның ісі де болған жоқ... Арадан көп өтпей- ақ медбике қыз келіп сүйінші сұрады. Әсем амана-есен қыз босаныпты.

– Әйеліңіз де, қызыңыз да жақсы. Мен қазір сізге не керек екенін жазып
берейін, соларды алып келем дегенше біз оны палатаға шығарамыз,– деп қуантып тастаған қызға алғысын жаудырып енесінің үйіне жүгірді. Екі сағаттан соң Әсемнің шешесін ертіп, жазылған дәрілерді, тамағын алып қайтып келсе, Әсемді палатаға шығарыпты. Тіпті қызын да қолына беріпті. Ештеңе болмағандай әлденені айтып терезеден бұларға күліп қояды. Арман Әсемді жақсы көріп сүйсініп кетгі. Бұл Арман бойында алғаш оянған әкелік махаббаты еді.
Арадан бір жұма өткен соң Арман келіншегі мен қызын үйге шығарып әкелді. Қандай тәтті еді нәрестенің иісі, бұл дүниенің бар байлығы мен бакыты осы иісте жатқандай. Сәбилерінің есімін Үміт деп койды. Жылдар бойғы сөнбеген үмітінің жемісі ғой бұл. Бір апталық қызылшақаны емірене иіскеп отырған Арман «сен менің Үмітімсің, мәңгі сөнбейтін үмітімсің» деп күбірледі. Әкесінің дауысын есітіп, түсініп жатқандай кішкентай Үміт зорға ашылатын көздерін сығырайта қарап, тілімен еріндерін бір жалап қойды да, қайта ұйкыға кетті.
Арман мен Әсем өмірінің жайма шуақ жазы енді келгендей. Алтынай бейнесі де Үміттің туылуымен бірге ұмытыла бастағандай еді. Өйткені, қызы туылған соң Арман бір ай демалыс алып үйде болды. Жұмысқа шығатын уақыты жақынлаған сайын қобалжумен жүргең Арман Алтынайды көрсе өзін-өзі ұстай алмай қалатындай сезінетін. Көрмейін деп тырысқанымен, бірге жұмыс істеген соң кездеспеу мүмкін емес. Көрсе болды жүрегі аттай тулап шыға келеді. Арман өзіне түсіне алмай әлек. Әйелімен де жаман тұрмайды, жұмыстан шыққаннан үйіне, қызына жеткенше асығалы, ал Алтынайды көрсе бәрін ұмытып, оны құшақтап сүйгісі, сөйлесіп дауысын естігісі келеді. Сол үшін де көзіме көрінбесе екен деп тілейді.
Жұмыстан соң үй жанындағы дүкеннен үйге керекті заттарды алып келсе, есікте қағаз ілулі түр: «Арман, Әсемді емханаға алып кетті. Үміт біздің үйде. Жанар».
Түкке түсінбеген күйі көршінің үйіне жүгірді. Келсе Жанар шырылдаған Үмітті жұбата алмай әлекке түсіп жүр екен. Көрші Жанар:

– Әсемнің бір бүйрегінен приступ беріп жедел жәрдем шақырған едік, ауруханаға апармаса болмайды деп, алып кетті. Үмітті мен алып қалдым. Енді не істейміз?- деп қиналып жатыр.
Арман Жанардан және біраз балаға карай тұруын өтінді де, өзі жүгіріп ауруханаға кетті. Таксиде келе жатып ойы әр түрлі жаққа кетті. Есіне шешесінің өлімі түсіп онан сайын зәресі ұшты. Ауруханаға келсе, Әсемді жатқызып қойыпты. Дәрі еккен екен тынышталып ұйықтапты. Арманнан бас дәрігер кабинетіне кіруді өтінді.
– Сіз Арынованың күйеуісіз ғой?
– Иә, иә мен күйеуімін, есімім– Арман.
– Бір бүйрегі істен шыққан. Екіншісіне де өтуге сәл қалыпты. Өзі жас босанған екен. Әдетте мұндай науқастар балалы болған кезде байқалуы керек еді. Соған қарағанда үмітіміз бар. Қазір облыстық ауруханадан дәрігер шақырттық. Қалғаны сосын белгілі болады.
Дәрігер бір күрсініп алды да, түрі қашып мазасызданып тұрған Арманға аянышпен қарап «енді күткеннен өзге шара жоқ» дегендей орындығына отыра кетті.
Ауруханадан салы суға кетіп шыққан Арман өзін өмір бойы жолы болмайтын бақытсыз жандай сезінді.
– Ей, Құдай! Осындай күйге түсірердей не жаздым саган? Әлі де маған көрсетер азабың таусылмап па еді? Үмітімді шырқыратып Әсемді ауыртқанша, келтіретін тауқыметіңді маған- ақ келтірмеймісің? Арманның өксіп жылағысы келді. Бірақ көзінен жас шықпады. Жүрегі шаншып, көзі қарауытып кетті. Ол қатты шаршаған болатын. Аурухананың алдындағы орындыққа барып отыра салысымен, көзіне ұйқы тығылып қалғып кетіп еді. Түс көрді.Түсінде аурухананың есігінен Әсем шығып келеді екен. Қуанып кетті. Демек, жалған диагноз болып шыққан ғой. Бұған қарап күлімсіреп қояды. Әсем: – Арман сен әлі отырмысың? Түнгі кезектен келіп тамақтанбағансың ғой, түрің кетіпті. Үміт те жылап қалған шығар, үйге барайық. Ау, не қылып отырсың, тұрмаймысың енді,– дейді. Селк етіп оянып кетті. Қарсы алдында дәрігер тұр.
Арман, Әсемді облыс ортаығына алып кететін болды, жағдайы ауыр. Аман қалуына отыз пайыз ғана гарантия бар. Қолымыздан

келгенді аямаспыз. Бар нәрсеге дайын тұр, – деп ойын ашық айтты.
Арман: – Мен де барайын,–деп орнынан тұрды.
Дәрігер: – Сен үйіңе бара бер. Кішкентайларың жетімсіреп қалмасын. Егер бірер жағдай болса хабар берерміз,– деді де, ішке кіріп кетті.
Міне содан бері бес күн өтті. Әсем әлі өзіне келмепті. Операциядан соң он күнде жағдайы белгілі болады. Не өледі, не қалады деген еді. Операцияның боғанына да үш күн болды. Енді үмітпен күтілетін азапқа толы жеті күн қалды. Әсемнің анасы да, аға-жеңгелері де жанында. Тек Арман ғана Үміті екеуі үйде байланып отырған. Үміттің туғанына да үш айдай болды. Қырқынан шыққан шешесінің ақ сүті мен мейіріміне зар болған кішкене қыздың былайғы өмірі қалай болмақ, ол жағы белгісіз. Алла тағаланың маңдайға жазғанын көрерміз деп белдерін бекем буған жиырма алтыдағы Арман мен үш айлық Үміт күнді түнмен, түнді күнмен алмастырып жүргенде айтылған жеті күн де өте шықты. Енді тек не қуанышты не қаралы хабар жарылған бомбадай өз қызметін жеткеруі ғана қалды.
Арман мен Үмігтің күндіз-түні тілеген тілектері Құдайдың құлағына шалынса керек, Әсем аман қалды. Арадан екі ай өткен соң күйеуі мен қызының жанына қайта оралды. Үміт бұл кезде талпынып, отыруға жарап қалған еді.
Сөйтіп бұл жанұяның өшуге жақын қалған оты қайта маздады. Жүректердегі болашаққа деген үміт қайта жалғанды. Әлі де төсек режимінде жатқан Әсемнің жанында пысылдап ұйықтап жатқан қызына қараған Арман алдағы өміріне ойлы көзбен жаутаңдады. Өйткені тағдырдың талай сынын бастан кешірген Арман бұл күндерге тек кеудесінде өшпей келе жатқан үміттің арқасында жеткен еді. Осы сәтте ол күпіршілік қылған жерлеріне кешірім сұрап, жаратқанға жалбарынып өз-өзіне басу айтты.


... Аққан судай зымырап жүйрік уақыт тағдар толқындарымен арбасып өтіп жатты. Арман мен Әсемнің жанұясында жүрекке жылу ұялатар сыйластық пен Үміттің

балдай тәтті тілі ерлі-зайыптылардың арасынан өткен кикілжіңдердің барлығын ұмыттырғандай.
Көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен бес жыл бес күндей де болмады. Сүп-сүйкімді болып өсіп келе жатқан Үміт – Арман Әсемнің қуанышы да жұбанышы да. Бұл өмірде олар тек кыздарының болашағы үшін жасап жатқандай.
Арман тағы ой үстінде. Екі айдай ғана бірге жүріп есінде мәңгілікке қалып қойған Алтынайды соңғы кезде көп ойлайтын болған. Қайда жүр екен? Көрмегеніне үш-төрт жыл болыпты. Басқа қалаға кетті деген еді. Әлде тұрмысқа шықты ма екен. Жасында Қозы мен Баянның, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббаттарына күле қарайтын Арманның ғашықтығы да олардан кем түспейтіндей. Мұның баска ғашықтардан айырмашылығы қызының болашағы үшін өзінің махаббатын құрбан қылып, Алтынайды тек жүрекпен ғана сүйгендігінде еді.
Әсем соңғы кезде Арманның қайтадан баяғы күйге түсіп жүргендігін өзінен суынғандай кейде төсекте теріс қарап жатып, күрсініп, бір сөзге келместен ашуланып тымырайып үндемей қалатынын сезіп, сұрақ қойғысы келіп оқталғанымен, сұрамайтын, сұрағысы да келмейтін. Арманнан айрылып қалуды ойласа болды көңілі жабырқап қалатын.
Бірде Арманға Әсем шешесінің көңілін сұрап қайту керек екенін айтты. Өйткені жасы келіп қалған Қарлығаш апа соңғы кезде көп ауырып жүрген. Әсем оны да уайымдап тынышы кететін. Жұмыстан шаршап келсе де Арман Әсем мен қызын ертіп қайын енесінікіне бет алды. Бір жағынан әжесі мен нағашы ағаларына баратынына, екінші жағынан көшеге шыққанына мәз болып келе жатқан Үміт әкесінен ананы бір мынаны бір сұрап тыныштық бермей келеді. Арман да оның әрбір сұрағына мән беріп жауап қатуда. О құдай мынау сол ғой. Алтынайдың дәл өзі. Дәл алдарында келе жатқан таныс бейнені көріп Арманның жүрегі кеудесіне сыймастай соғып үнсіз қалды.
– Папа, па-па деймін, анау күшіктің тұмсығына кигізіп қойған не, а? Папа...
Әкесі жауап қатпаған соң бетіне өкпелегендей бұртиып бір қарады да шешесін мазалай бастады. Ештеңені сезбегенге салып келе жатқан Әсем Арманға бір, алдарындағы жақындап қалған

әдемі келіншекке бір қарап ішінен жарылып кетуге сәл-ақ қалып келеді. Күлімсіреп еш нәрсе болмағандай таяп келіп қалған Алтынай:
– Сәлеметсіз бе, Арман аға? Жеңеше, халіңіз қалай?– деп амаңдасты.
Танымаған соң ернін ғана жыбырлатып, кетуге ыңғайланған Әсем Арманның кідіргенін байқап тоқтап қалды. Қызғаныш атты қара мысық жан дүниесін тырналап жатса да өзін әрең ұстап тұрды. Өмір мен өлімнің ортасында жатқанда да бұлай қиналмаған шығар- ау.
– Алтынай есенбісің? Қайдан жүрсің? Көрінбей кеттің ғой,– деп, не
жағдай сұрағаны, не сағынғанын сездіргені белгісіз Арман жа- нында әйелі мен қызының тұрғанын бір сәтке есінен шығарып ала жаздады. Күйеуінің бөтен әйелге емірене қарап, үзіліп кете жаздап тұрғанына ызасы келген Әсем түтігіп кетті. Ыңғайсызданып қалған Алтынай сыпайы қоштасып, Арманның сұрақтарына
– Жүрміз ғой, – деп қысқа ғана жауап берді де, өз жолымен кете барды.
Ол ішінен махаббат атты құдіретті сезімді тым кеш жолықтырған тағдырына лағнет айтып, жанарларынан өкініштің ыстық тамшылары еріксіз домалап бара жатқан болатын.
Арман да өз ойымен өзі әуре болып, жүрегі қан жылаған күйінде, артына жалтақтай қарап, қызының қолын қыса ұстап, ілгері жылжиды. Алайда, өмірде жүректері тоғысқанмен, тағдырлары тоғыспаған Арман мен Алтынайдың алдағы өмірге деген сенімі мен үміттері өшпеген еді. Өйткені, үміттің оты адамның өзімен бірге ғана сөнері сөзсіз ғой!
Арман пріште Үмітін құшақтап, маңдайынан иіскеді. Әсем әкесі мен қызына мейірімін төгіп қарап тұрды.





Комментарии

Улданай
Улданай 11.04.2022 11:18
Өте керемет жазылған, өмірдің Алла берген сынағы ғой- дейміз ау,бірақ Әсем тоқал алуға ұрқсат бергенінде болар еді. Әтең жастай махаббат уын ішіпті. Арман балам ұрпағымды көбейтем десе болмас па? -еді. Бір жағы қызы тұрмысқа шығып кетеді. Қартықты ойлау керек адам.......

Пікір жазу