26.05.2021
399
Туған жердің ауасын
Туған жердің ауасын
Сағыныппын мен тегі.
Үлкен түгіл, баласын,
Момын түгіл, тентегін.
Қайың түгіл, қаңбағын,
Қырат түгіл, обасын;
Шалғын түгіл, шаңдағын,
Құрақ түгіл, қоғасын;
Белес түгіл, елесін,
Самал түгіл, дауылын;
Түсіме көп енесің,
Айналайын ауылым!
Бәрін, бәрін құшар ем
Өткенді еске салатын.
Осы қазір ұшар ем,
Болмай отыр қанатым!
Көңілімнің көліндей
Көзімде бар жалыныш.
Сыздап тұрған желіндей,
Шыдатпайды-ау сағыныш!