Сүтпен бірге анаң мейір емізген
Сүтпен бірге анаң мейір емізген,
Ақ ниетің кем болмасын теңізден.
Өседі гүл күннің уыз нұрынан,
Ал адамдар жылы-жылы лебізден.
Кім-кімнің де енегелі бір ісін
Көре тұра көрмегендер құрысын!
Нең кетеді жақсы десең жақсыны?!
Нең кетеді дұрыс десең дұрысын?!
Бізге жеткен ата-баба сөзінен
Мен, ағайын, бір даналық сезінем.
Табам десең бір қасиет табасың
Жаман деген жолдастың да өзінен.
Жетпейді өмір тіршіліктің дауына,
Гүл отырғыз көңілдердің бауына.
Артық емес айтып қойсаң жылы сөз,
Досың түгіл,
Кейде тіпті жауыңа!
Адамдарсыз адам бағы жанбайды,
Көңіл шіркін ықыласқа қанбайды.
Жылы сөзді артығырақ айта бер,
Жаның содан жарлыланып қалмайды.
Оқасы жоқ өзен-көңіл тасыса,
Жігер берер жылы лебіз жасысаң.
Біз адамбыз,
Адам түгіл,
Бұзау да
Сүйсінеді әукесінен қасысаң!
Сүтпен қоса анаң мейір емізген,
Ақ ниетің кем болмасын теңізден.
Өседі гүл күннің алтын нұрынан,
Ал адамдар жылы-жылы лебізден!