26.05.2021
  170


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қырық-елу жыл өмір сүрдім, мекенім

Қырық-елу жыл өмір сүрдім, мекенім.
Енді қанша шақырады көкегің?!
Дәмін таттым абыройдың,
Бірақ та
Рақаттың біле алмадым не екенін!
Айтар болсам, жаяр болсам елге сыр
Маған жұмбақ ащы терден өңгесі.
Рақат ол ойын-той деп ойлар ем,
Қажып қайтам шарабынан көл-кесір.
Рақат ол —
Өтеп жүрген парызды,
Мүмкін, анау жаныңдағы жар ізгі.
Сол дер едім,
Жібермейтін жыраққа
Оның өзі алтын тұсау тәрізді.
Әлдилеген өз күйі мен өз әні
Мұны қалай ұқты қырдың қазағы?!
Бауырдағы балаң дер ем рақат,
Оның дағы жетіп жатыр азабы!
Тез сарғайтып ғұмыр атты бақшаны,
Жетіп келер кәріліктің ақшамы.
Рақат ол тақ пенен тәж дер едім,
Білмейді жұрт бір уайымсыз патшаны
Қай кезде де болады ғой баста мұң.
Бірақ, досым, қайғырмағын, саспағын!
Бітпейтіндей көрінеді қиындық,
Ал рақат әр уақытта қас қағым!





Пікір жазу