26.05.2021
165
Бұл тірліктің сәттері бар сондай сұм
Бұл тірліктің сәттері бар сондай сұм.
Атар таңым, әдемірек болғайсың!
Тастап бәрін қылтың-сылтың мінездің,
Тура жолмен жүрейін деп ойлайсың.
Тәулік бойы мәз боласың,
Тойлайсың.
Тойлайсың да,
Келесі күн оңбайсың.
Содан кейін шиша толы у түгіл,
Судың өзін көрмеспін деп ойлайсың!
Талай-талай қайталайды ондай сын.
Кейде тіпті өз үйіңе қонбайсың.
Жар көзіне жас тұндырып...
Келіншек,
Қызға қарап күлмеспін деп ойлайсың.
Күлетін іс,
Бірақ бұған күлмейсің.
Опық жейсің,
Өзіңді-өзің тілдейсің.
Тура жолмен тартып келе жатып-ақ
Қалай шығып кеткеніңді білмейсің!