26.05.2021
  216


Автор: Қадыр Мырза Әли

Тағдыр бұлты аспаныңда жүр шұбап

Тағдыр бұлты аспаныңда жүр шұбап,
Сарғаяды сүмбіледе жыршы бақ.
Өмір деген— бірде көктем, бірде қыс,
Өмір деген — бір көлеңке, бір шуақ.
Қызық-думан жастығыңды ұрлайды,
Шаттығыңның шалқары да құрғайды.
Адам шіркін жүре алмайды мәз болмай,
Адам шіркін жыламай да тұрмайды.
Тірлік-тұлпар бір орнында тұрмайды,
Кейде қобыз,
Кейде ойнап сырнайды.
Өмір деген — самғау және құлдырау,
Өмір деген — бір қуаныш, бір қайғы.
Шығарам деп жүргенде сен ел атын,
Кез болады кеудең мұңға толатын.
Қайғырғанда —
Қанат керек ұшатын,
Қуанғанда —
Құйрық керек қонатын!





Пікір жазу