26.05.2021
  145


Автор: Қадыр Мырза Әли

Желпінетін

Желпінетін,
Серпілетін ой бар ма?!
Желікпелер табылады ойнарға
Төрт құбылам тегіс жандай
Мен өзім
Көп күлемін,
Көп күлемін тойларда.
Пенделерді,
Ойлайтын тек құлқынын,
Отырғызып кетер әлі түлкі-күн.
Дәм татам мен сервизінен көңілдің,
Хрусталін сыңғырлатып күлкінің.
Қарсы болар дәмді піскен асқа кім!
Бал шараптың ғұмыры, рас, қас қағым.
Сәтті шыққан қалжыңыма қуанып,
Мәз боламын әзіліне басқаның.
Балдыздарын еркелеткен жездеше,
Бұндай кезде жігіттер де өзгеше.
Коньякты жылқы майы сияқты
Текке ішпеймін,
Тек әдемі сөзге ішем!
Сері көңіл қыздарың мен ұлдарың
Саған өкпе айта ала ма, жылдарым?
Сезеді ғой бірақ ойлы адамдар
Күлкінің де ар жағында мұң барын!





Пікір жазу