26.05.2021
  201


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қайсарлардың өзі талай қаусаған

Қайсарлардың өзі талай қаусаған,
Қиын тірлік, қалай тура жол салам?!
Кеп арудың біреуін-ақ сүйесің,
Пысқырып та қарамайды ол саған!
Пәле кейде, алыста емес, іргеде,
Жасап та сен үлгермейсің бір кәде.
Бір сорлының жалғыз ұлы —
Қасірет —
Бар ғұмырын өткізеді түрмеде.
Жайдақ судай кешіп жүрген жеңілді.
Нені көрді?
Нені сезді?
Не білді?
Жалғыз-ақ қыз,
Оның өзі біреуге
Келін болып,
Құлазытар көңілді.
Кейбіреудің қырсық өмір жолы да,
Бақыт құсы қонбас оның қолына.
Бір долыдан өліп-өшіп құтылған
Үйленеді тағы да бір долыға!
Өмір шіркін бір орнында тұрмайды,
Бірде жылап,
Бірде көзің құрғайды.
Ғұмыр бойы қуамыз біз бақытты,
Бізді қуып жүреді ылғи бір қайғы!





Пікір жазу