25.05.2021
  287


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жел

Өскен бірге далада
Таптырмай дос-адасы,
Жүрді шулы қалада
Жаздың желі адасып.
Жүрді ұзақ қалада
Тұйықтардан өте алмай,
Тынысы кең далаға
Тура шығып кете алмай.
Сағынып дос құйынын,
Самал-гүлді ойлады.
Жапқан жеңгей иығын,
Жаулықтармен ойнады.
Сүмбіл шашын сұлудың
Саусағымен саралап,
Құрылыстарын СМУ-дың
Көрді біраз аралап.
Келе жатқан бір келін
Азық толы тор алып,
Кетті соның бүрмелі
Етегіне оралып.
Кешкі мейманханада
Құжынаған бір халық,
Халық толы қалада
Қалды ақыры шырмалып.
Қапырықтау ауада
Қиын екен тынысқа.
Орналасты ол қалада
Желдеткіш боп жұмысқа.





Пікір жазу