25.05.2021
  235


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қаңбақ

Кезіп ауыл арасын,
Ұшқан шығар иманың.
Қайда безіп барасың,
Қу даланың қаңбағы!
Бабаларың ілезде
Жер түбіне жететін.
Олар тіпті бір кезде
Ауған асып кететін.
Енді өзгерген өңірім,
Жетіп ұлы арманға.
Шыға алмайсың өмірі,
Кірсең қалың орманға
Жоқ дер едім
Қолымнан
Келетін бір көмегім,
Қалдырады жолыңнан
Көк теңіздей көк егін.
Жібермейді есесін
Асфальт деген тас мына.
Өтпек болсаң
Түсесің
Дөңгелектің астына.
Баспанасыз бүрсеңдеп,
Баяғыша амалда.
Бірақ қалай жүрсең де
Тірелесің каналға.
Жердің сонау түбінде
Жанып тұрған газ-оттар.
Кездеспейді бүгінде
Көшіп жүрген қазақтар.
Қуандырып ақынды
Қызыл бидай, сары масақ,
Қазақша емес,
Атыңды
Латынша оқып қалмасақ.





Пікір жазу