25.05.2021
182
Күншуақ
Қолдан келсе, шуақ болып кетер ем,
Сосын мәңгі қабақ шытпай өтер ем.
Сыздықтаған сәуле-душтың астында
Тулақ жонын қыздырады көтерем.
Күннің көзі тым бауырмал көктемде,
Көктем нұры, көктем жыры көп менде.
Шуақ-шарап бойын алған төбеттің,
Шаруасы жоқ кімдер келіп-кеткенде.
Күн көзіне шағылысып шың аппақ,
Қалғиды тау,
Күткені оның шын аптап.
Кәрі әжелер үй алдында бас қосып,
Қыр басында отыр шалдар шуақтап.
Қарамайтын нәсіліңе,
Түріңе
Күннің көзі — бақытыңның бірі де.
Жер басқанға шуақ керек,
Күн керек,
Күн көрсетпеу сұмдық қой, дос, тіріде!