25.05.2021
  216


Автор: Қадыр Мырза Әли

Қылжақбас

Құрдас бізді ертіп келіп үйіне,
Былай деді бибісіне, биіне:
— Бізді қойып, ойла өзіңнің жайыңды,
Бұлар ішпей жүр дейсің бе шайыңды.
Айтып берем тақуаның жыр-әнін,
Аптабыңда керегі не сыраның?!
Бауырларын емдетіпті жуырда,
Бас қатырма, қуырам деп қуырдақ!
Бата боп па құрдастардың батасы,
Уақытыңды алмай-ақ қой ет асып!
Осы жаңа жиналыстан тарапты,
Керегі не шарап пенен арақтың?!—
Мөлдіреген жанарына жыр ұйып,
Келіншегі қойды бізге жымиып.—
— Иә, солай! Ақылды де, жарым де,
Біздің қатын кері істейді бәрін де!—
Сонда ғана жылы ұшырап төр мына,
Жүрегіміз түсті-ау әрең орнына.





Пікір жазу