25.05.2021
  210


Автор: Қадыр Мырза Әли

Махаббат

Махаббаттың көп елге үлгі етері,
Мұны ұқпайды кеткендер теңге теріп.
Қара жерге тимейді кейде аяғың,
Қолтығыңның астынан жел көтеріп.
Бұл махаббат қызыңа,
Еріңе сын.
Бір берілсең өлердей берілесің.
Өзің жерде болғанмен,
Ойың көкте,
Ұшып жүрген сияқты көрінесің.
Бұл махаббат өзгеге, өзіңе сын.
Бірақ кімге, мәселе, кезігесің?!
Періштеге жолықсаң,
Сен өзіңді
Ақ қанатты періште сезінесің!
Жолықпасаң,
Ортайып тағат-құты,
Қамығасың күн күтіп,
Сағат күтіп,
Махаббаттың айында,
Адам түгіл,
Құрт-құмырсқа ұшады қанат бітіп.





Пікір жазу