25.05.2021
  372


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жағажайда

Қанша кісі,
Қанша мүсін сен елер.
Қутыңдайды келін түгіл енелер.
Жағажайда
Жез қоңырау сияқты
Жел қақтаған,
Күн қақтаған денелер.
Көз отынан кететіндей тұтанып.
Кейбіреуге жарасады жұқалық.
Бикеш жатыр
Бөксесіне,
Төсіне
Бір жапырақ шүберекті лыпа ғып.
Кеудесінде тырсиған қос торсығы
Құлын қызға қарай алмас ер сұлық.
Екі аяғы екі жақта біреудің,
Жағажайда емес бұл да ерсілік.
Әрі сұңғақ, әрі сұлу, әрі асау
Әлдекімге көз тоймайды қарасаң,
Ару анау құмырсқа бел, бота көз.
Жігіт анау қошқар тұмсық, бура сан.
Дымқыл құмға таңба салып табандар,
Қыдырыңдар!
Көздің сұғын қадаңдар!
Киіммен де, киімсіз де
Ғажайып
Әдемі ғой,
Әдемі ғой адамдар!





Пікір жазу