25.05.2021
  282


Автор: Қадыр Мырза Әли

Көнтері

Ағайындар,
Құлақтарың тосыңдар.
Жырыма жыр,
Сырыма сыр қосыңдар...
Мінез-құлқы ақша бұлттан жаралған
Үлбіреген жаны нәзік досым бар.
Барлық пәле түсінбеуден басталар.
Бет орнында бояуы мол маскалар.
Нәзіктігін жасықтық деп,
Өмірде
Істеместі істейді оған басқалар.
Оған нұрын түсірмейді жарық үй
Жаны жүдеп.
Жүреді ашып әрі ми.
Момындарға бәрі батыл,
Бәрі еркін;
Момындарға бәрі қожа,
Бәрі би.
Неткен шыдам!
Неткен темір төзім ең!
Қате тауып дұрыс айтқан сөзінен,
Той — думанда
Ұшып түскен күкірттей
Өртейді оны долы әйелі көзімен.
Обал екен табылмаса ер теңі,
Ойлантады мені достың ертеңі.
Жаны қандай нәзік болса адамның,
Тәніне оның сондай қажет көнтері!





Пікір жазу