Туындылар ✍️
Жақсы мінез сабақтары - ҮШ АЙ ДЕМАЛЫСТА
Досым менің! Қарашы қаншама уақыт артта қалды. Тағы да бір жыл өте шықты. Алда демалатын күндер. Қымбатты досым, үш ай бойында сенің қасыңда ата-аналарың күні бойы бола алмайды. Себебі ол кісілердің жұмысы бар, тіршілігі бар. Сондықтан өзіңе және өзіңнен кіші бауырларыңа қарау керек болады. Оған сен ренжіме, себебі сен жақсы мінезді баласың ғой. Үйде болғанда электр тоғына абай бол. Тоқ көздеріне темір не болмаса басқа үшкір нәрселерді сұғушы болма, кішкентай балалардың қолы жетпесін, жететін жер болса арнайы тығындармен бекітіп қою керек. Электр тогы өте қауіпті. Ондай болмаса, сен оның үстіне бала көзінен таса болатындай нәрсемен жауып қой. Шәйнектегі ыстық судан байқа, шәйнектің, үтіктің шнурын жинап қой. Бала тартып алса, күйіп қалады. Сол сияқты газ плитасына да кішкентай балалар жоламау керек. Газды үйдегі үлкендер ғана қосады, егер абайсызда бала газ плитаның тетігін бұрап қалса да, ол өте қауіпті. Газға уланып қалады, одан өліп қалуы да мүмкін. Сол себепті өмірге қауіпті нәрселерден аулақ болған жақсы.
Үйді шашпай ойнаңдар, шашқан күнде жинап тастауды әдетке айналдыр. Жазда жақсы демалып, таза ауда қыдыру керек, суға түсіп, жалаңаяқ жағалауда жүрген де өте пайдалы. Суға барғанда міндетті түрде қасыңда үлкен адамдар болсын. Судың терең жеріне барушы болма, ол ерлік емес. Жел соғып, толқын көтерілсе, тез жиналып, судың қасынан алыс кетіп қалу керек.
Табиғатта ойнағанда, демалғанда отқа абай болыңдар, егер жандарыңда үлкен адамдар болмаса, от жақпаған абзал. Табиғатты ластамау керектігін естеріңнен шығармаңдар.
Досым, жазда кітап оқуға уақытың көп болады. Достарыңа, бауырларыңа кітап оқып, оны мазмұндап айтып берсең ғой!!! Жақсы болар еді.
Кітап – үлкен қазына. Ол – жақсы дос. Достарыңның көп болғаны жақсы!
Сау бол, мен сенімен уақытша қоштасамын! Алдағы уақытта кездесуіміз әбден мүмкін ... ))))