Туындылар ✍️
Туындылар ✍️
25.05.2021
237
БОЙ ТАЗАЛЫҒЫ
Достым, тазалық туралы да білесің ғой. Десек те, ой бөлісіп, ойларымызды ортаға салайық. Сабағымызды тазалыққа арнайық.
Біздің өткен сабақтарымыздың барлығында үлкен-үлкен әңгімелер қозғалды ғой. Сол сабақтарда айтылмағанмен, мәдениетті адамның, талантты адамның, өнерлі адамның, сахнаға, жұрт алдына шыққан адамның тазалығы бар болатыны белгілі. Жалпы, болмысында таза болмаған адам мәдениетті адам бола алмайды.
Сол үшін достым, саған айтар кеңесім:
- Бойыңды таза ұста, тырнақтарыңды алып, шашыңды тарап, ұқыпты бол
- киіміңді күтіп ки, киімдерің таза, үтіктелген болсын.
- Аяқ киіміңе үйден шығарда, басқа үйге, не мектепке кірерде бір қарап ал. Үйден тазалап шыққан аяқ киімің мектебіңе жеткенше ластанып, шаң басып қалуы мүмкін. Сондықтан арнайы дорбаға аяқ сүртетін шүберекті салып жүргенің жөн.
- мектепте ойнап жүгірген кезде терлеп кетесің, сондай сәтте жақында су болса, беті-қолыңды жуып ал, су болмаған жағдайда сөмкеңде, не қалтаңда үлкендеу бет орамалың болсын.
- мектептен үйге келгенде аяқ киіміңді шешіп, бір жерге жиып қой. Киімдерді қағып, сілкіп, ластанса тазалап, киім ілгішке іл. Содан кейін барып, жақсылап жуынып ал. Жуынбай тамаққа отырмау керек, бірақ сен оны жақсы білесің. Солай достым, сабаққа отырып дайындалатын кезде де қолыңды сабындап жуып алып кіріскенің жөн. Себебі қолың кір болса кітап дәптерлерің де өкпелеп қалуы мүмкін ғой. Жай айтам, беттері ластанып, кірленіп қалса, біріншіден, өз көңіл-күйің түседі, екіншіден мұғалімнен ескерту алып қаласың. Достарыңның көзінше ескерту алғың келмейді емес пе?
Қамшы сөздер:
- Таза жүру – өзіңді құрметгеннің белгісі.
- Тазалықтың мекені – өзіңнің жүрегіңде, айналаңда.
- Адамның сырт тазалығы мен жүрегінің тазалығы сай болса, ол адам ізгі адам болады.
- Тазалықтың адамдарды қуантатын күші бар.