Туындылар ✍️
Жақсы мінез сабақтары - СЕН ТАЛАНТТЫСЫҢ!
Досым, сен өзіңді, өзіңнің бойыңдағы талантыңды ашуға тиістісің. «Менің бойымдағы талантты біреу ашады» деп ойлама. Бала-бақшада, мектепте әр түрлі кештер болады, сонда ән айту керек, би билеу керек, тіпті рөлде ойнап, артистік қабілетіңді де шыңда. Неге саған өз өнеріңді көрсетпеске? Мүмкіндік туып тұр...
Достым, байқадың ба, бүгінгі сабағымыз сенің бойыңдағы талантты ашуға арналады. Сабағымыздың тақырыбы – «Сен таланттысың!» Сахнадан қорықпа. Өзіңді еркін ұста. Сахна адамды тәрбиелейді.
Біріншіден сахнаға шығатын адам сөзге, өнер түріне алдын ала дайындалады. Үйде дайындалған кезде айнаға қарап дайындалып үйрен. Әбден жаттығып болған соң, үйде анаңа, немесе үйдегі өзіңе жақын адамдарға өнеріңді көрсет. Ұялма, қателігіңді айтса, оған ренжіме. Ол саған үлкен достық. Сондай дайындықтан соң, сахнаға шығу қорқынышты болмайды.
Сахнаға шыққанда аяғыңды нық басып, еңсеңді көтеріп шық. Көрерменге қолыңды кеудеңе қойып, сәл еңкейіп сәлем бер. Сәлеметсіздер демейсің,
үнсіз басыңды игеніңнің өзі жеткілікті болады. Егер сен жүргізуші болсаң, сахнаға шығатын адамның аты-жөнін және орындайтын шығармасын анық, түсінікті етіп айт. Ал егер өзің орындасаң, артынан халыққа құрмет көрсетуді ұмытып кетпе.
Достым, қазірден бастап жұрттың алдына шығып үйрене бер. Болашақ өмірде оның керегі де пайдасы да болады.
Тамшы сөздер:
- Өнерсіз адамды Алла жаратпаған. Сол себепті өз бойыңдағы өнерді жарыққа шығар.
- Ұялшақтық - өнердің қас жауы.
- Қателесуден қорқатын адам жеңіске жете алмайды.
- Бағыңды сынау – ұят емес, жігерлілік.